«Ақбөкен» акциясы басталады

«Ақбөкен» акциясы басталады

Біздің аймағымызда еркін жортқан бекпақдала ақбөкендері 467 мыңға жетті. 15 сәуірден бастап киіктердің авиациялық есебі жүргізілетін болады.

15 сәуір мен 15 мамыр аралығында Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Ұлытау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының аумақтарында республикалық «Ақбөкен» кең ауқымды акциясының бірінші кезеңі (көктемгі) өткізіледі. Осы мерзім түз жануарының төлдейтін уақыты. «Құралайдың салқыны» кезінде текелер аналықтардан бөлініп кетеді де, бөкен мүйізін кесуші қарақшылардан қауіп күшейе түседі.

Қостанай облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы жоғарыда аталған өңірлердің аумағында табиғат қорғау акциясын ұйымдастыру, өткізу және үйлестіру жөніндегі жұмыс органы болып белгіленді. Бұл жайында өңірлік коммуникация орталығында өткен брифингте жануарларды қорғауға жауапты мекемелердің өкілдері баяндады.«Ақбөкендерді қорғау және браконьерлік фактілерінің алдын алу жөніндегі жедел-профилактикалық іс-шараларды үйлестіру мақсатында акцияны өткізу кезінде құқық қорғау, табиғат қорғау және өзге де органдардың өзара іс-қимылы жөніндегі үйлестіру штабының құрамы бекітілді. Акцияның мақсаты – төлдеу және лактация кезеңінде ақбөкендерді қорғауды күшейту бойынша бірлескен іс-шараларды ұйымдастыру, ақбөкендер санын сақтау мен көбейту және браконьерлікке қарсы күресті күшейту», – деді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Жәнібек Ерсұлтанов.

«Охотзоопром» ӨБ» республикалық мемлекеттiк қазыналық кәсіпорнының Аманкелді тірек пунктінде 14 адам еңбек етеді. Олар облысымыздағы жануарлар дүниесін қорғауға бекітілген 6,5 млн га жерге жауапты. Табиғат қорғау заңнамасын бұзушылардың, браконьерлік және заңсыз аң аулаудың алдын алу мен жолын кесуші инспекторлық құрам қару-жарақ, заманауи байланыс құралдары, автомобиль, қарда жүретін техникамен қамтамасыз етілген. Акция кезеңінде ақбөкен популяциясын сақтау, браконьерлік фактілерінің алдын алу және қорғау іс-шараларын күшейту мақсатында жергілікті тұрғындармен жұмыс жүргізілетін болады.

Облыстық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының табиғат қорғау бөлімі басшысы Ғазретғали Әлімғазин акцияны өткізу кезеңінде 200-ден астам инспектор жұмысқа тартылып, полиция мен ҰҚК блок бекеттер орнататынын жеткізді. 2019 жылдан бастап қаскөйлер үшін жаза күшейтілгенімен, қауіп әлі де бар. Тек өткен жылы сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген жануарлар заңсыз аулауға қатысты ҚР ҚК 339-бабы бойынша үш қылмыстық іс қозғалыпты.            

«Біз бір қылмыстық істі аумағына қарай Қарағанды облысына тапсырдық. Бір факт Жанкелдин ауданында орын алды, ол бойынша шығын көлемі төленді, кінәлі адам бас бостандығынан шектеу жазасына кесілді. Үшінші іс бойынша Арқалықта сот процесі әлі де жалғасуда,- деді Ғ.Әлімғазин.

Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ

Жаңалықтармен бөлісу