Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Денисов аудандық музейінің қызметкерлері Қостанай облысының даңқты перзенті, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Леонид Игнатьевич Беданың туғанына 105 жыл толуына арналған «Леонид Беда: аспан мен Отанға берілген өмір» атты патриоттық іс-шаралар топтамасын аудан мектептерінде өткізді.
Іс-шара барысында жоғары сынып оқушылары Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Қазақстан мен Қостанай облысының фашизмді жеңудегі рөлімен, халықтың ерен еңбегімен және жауынгерлердің майдандағы ерлігімен танысты. Балалар Отанды қорғауға бүкіл халықтың бірлесіп қатысқаны, олардың батылдығы мен қайсарлығы туралы үлкен қызығушылықпен тыңдады.

Іс-шара кезінде оқушыларға бейнероликтер көрсетіліп, олар Кеңес Одағының екі мәрте Батыры атанған төрт қазақстандық ұшқыш – Талғат Бигелдинов, Сергей Луганский және қостанайлықтар – Иван Павлов пен Леонид Беда туралы мол мәлімет алды. Әсіресе, жерлесіміз Леонид Беданың өмір жолы оқушылардың ерекше ықыласын тудырды.
Леонид Беда 1920 жылы 16 тамызда Қостанай облысының қазіргі Ұзынкөл ауданындағы Ново-Покровка ауылында дүниеге келген. Ол ауыл мектебінде оқып, кейін Урицкий жетіжылдық мектебін тәмамдаған. Білімге құштар жас Орал қаласына барып, орта мектепті бітіріп, мұғалімдер институтының физика-математика факультетіне түседі. Алайда оның жүрегі авиацияға тартты. 1940 жылы Чкалов (қазіргі Орынбор) қаласындағы авиациялық училищеге түсіп, ұшқыш болуды армандады. Сол кезде Ұлы Отан соғысы басталды.
1942 жылдың тамызында майдандағы қызметін бастаған Леонид Беда алғашқы шайқастарда-ақ ерекше батылдық танытып, нағыз шебер ұшқыш ретінде көзге түсті. Оның жауынгерлік жолы Сталинград майданында басталды. Бұл майданда ел тағдыры шешілді. Жас ұшқыш онда 60-тан астам сәтті ұшып шығулар жасап, бір жылдың ішінде 100-ден астам рет жауынгерлік тапсырмамен әуеге көтерілді. Көрсеткен ерлігі үшін ол «Қызыл Жұлдыз» орденімен және екі мәрте «Қызыл Ту» орденімен марапатталды.
Леонид Беда тек әуе кеңістігіндегі ерлігімен ғана емес, сонымен қатар қарапайым өмірдегі адамгершілігімен, отансүйгіштігімен де халық жадында қалды. Ол Қостанай қаласының Құрметті азаматы атанып, фашистік теміржол желісін жойғаны үшін «КСРО-ның Құрметті теміржолшысы» деген ерекше атаққа да ие болды.
Оқушылар үшін мұндай кездесулер мен танымдық іс-шаралар үлкен тәрбиелік мәнге ие. Батырларымыздың өмір жолы – бүгінгі ұрпаққа үлгі, олардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды.
Денисов ауданы
