Даңқты тұлғалардың мұрасы қайта жаңғырды

Даңқты тұлғалардың мұрасы қайта жаңғырды

Биылғы жыл даңқты жерлестеріміздің мерейтойларымен де есте қалмақшы. Қазақ даласындағы алғашқы туризмге жол салушы, дала өлкесінің төтенше комиссары Әліби Жангелдиннің туғанына 140 жыл, заңғар ақын-жазушылар Сейіт Кенжеахметұлы, Қоғабай Сәрсекеев, Қойшығара Салғарин, Сабыржан Шүкірұлына 85 жыл, Қонысбай Әбілдің туғанына 70 жыл толғалы отыр.

Ұмытылмас ұлы тұлғалардың мерейтойларына орай, Арқалық қаласындағы №2 облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы бірнеше тақырыптық бөлікті құрайтын «Даңқты өлкенің дарынды тұлғалары» атты жылдық кітап көрмесінің тұсауын кесті.

Салтанатты іс-шараға қала әкімінің орынбасары Мешітбай Жұманов, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Түбекбай Әубәкіров, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Батырлан Сағынтаев және қаланың студент-жастары қатысты.

Кешенді көрменің «Даланы дабылдатқан дауылпаз» атты бірінші бөлімінде дала комиссары Әліби Жангелдин жайында мәліметтер берілген.

“Қазақтан шыққан тұңғыш жиһанкез Әліби атамыз 4 жылда әлемді аралап шыққан. Теміржолмен, теңізбен жүргенін айтпағанның өзінде 12 мың шақырым жолды жаяу жүріп өткен. Жай ғана аралап қоймай, өзге ұлттардың тұрмыс-тіршілігімен танысып, олардың жақсы қасиеттерін өз еліне сіңіруді ойластырған”,– деп атап өтті көрменің кермесін қиып, ұлт ұлылары жайлы пікір білдірген ардагерлер басшысы Түбекбай Ғапсалықұлы.

Көрменің «Қазақ рухының қамшыгері» атты екінші бөліміқазақ зиялыларының ұлты үшін атқарған ұлы еңбектерін жалғастырушы,жазушы, журналист, публицист Қоғабай Сәрсекеевке арналған.

«Өлмес іс, өшпес із» қалдырған атты үшінші бөлімінде «Жеті қазына», «Күлкінің киіз кітабы», «Шешендерден сөз қалған» сонымен қатар қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде басылып шыққан «Қазақтың ұлттық әдет ғұрпының беймәлім 220 түрі», «Туыстық атаулар сыры» кітаптарының авторы Сейіт Кенжеахметұлы ұлтымызға тән туыстық қарым-қатынас пен салт-дәстүрдің жөн-жосығын жас ұрпаққа тағылымдап бергенін көруге болады.

Сондай – ақ, «Шұрайлы сөздің шешені» бөлімі белгілі қаламгер, Қазақ ССР нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Сабыржан Шүкірұлына, «Тарихтың тереңінене сыр тартқан» бөлімі «Түркі әлемінің Герадоты» атанған тарихшы жерлесіміз Қойшығара Салғариннің шығармашылығынан сыр шертеді.

«Алты алаштың ардақтысы» атты бөлімінде Қазақстанның халық ақыны, белгілі айтыскер, сатирик, композитор, журналист Қонысбай Әбілдің «Жетпіс жетінің жігіттері», «Көршілер», «Әй,ә й ақын әлдиі», «Жылым жылқы, өмірім бәйге менің» кітаптарында көп жылдар бойы жарияланған таңдаулы өлеңдері, терме толғаулары мен айтыстары топтастырылған.

Тағылымды көрменің тұсаукесерінде Қонысбай ағамыздың композиторлығын 15 жасында мойындатқан Тұрғали Жетесовтің сөзіне жазылған «Бала махаббаты» әнін кітапханашы Елзада Қабдібек нәшіне келтіре орындап, көпшіліктің қошеметіне бөленді.

  «Туған жерден шықтан текті тұлғалардың мерейтойларын артында қалдырған мол мұралары арқылы кейінгі жас ұрпаққа насихаттауды жөн санадық.«Өз елі өз ерлерін ескермесе,ел тегі қайдан алсын кемеңгерді?» деген. Сондықтан, Торғайда туған тарландар туралы туындыларды оқып, біліп жүрейік дегіміз келеді. Келіп, көрмемемізбен танысамын деген оқырмандарымызға есігіміз әрдайым айқара ашық», – дейді кітапхана басшысы Сәуле Алматова.

 Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу