Даңқты спортшыны еске алды

Даңқты спортшыны еске алды

Арқалықта даңқты жерлесіміз, Орта азияның 2 дүркін және Қазақ ССР-нің бірнеше дүркін жеңімпазы Дүзелбай Айсаұлын еске алуға арналған турнир өтті.

Қазақ күресінен 2006-2008 жылдары туған жасөспірімдер арасында өткен ашық турнирге еліміздің қала-аудандарынан келген 70-ке жуық спортшы 5 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті.

Дүзелбай Айсаұлы 1930 жылы 15 наурызда Қостанай облысы Тосын селолық советінің «Түйемойнақ» өңірінде дүниеге келген. Балалық шағы аштық, соғыс нәубет жылдарындағы қиыншылықпен өткен. Алғаш рет 1949 жылы «Ұлы октябрь революциясының – 32 жылдығына» орай өткізілген аудандық жарыста «чемпион» атанады. Осыдан бастап саңлақ споршының аудан және облыс көлемінде аты шығып, даңқты жолы басталады. Фрунзе, Ташкент қалаларында өткен жарыстарда күш атасын танытып, еліміздің атын асқақтатқан. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы атанған.

«Қайрат» спорт кешенінде жанкүйерлерін жанына көптеп топтастырған боз кілем сайысында 46, 55, 60, 70 келі салмақ дәрежелерінде үздік үштіктер анықталып, жарыстың «Түйе палуан» атағын 22 спортшының ішінен арқалықтық алып күш иесі, жас палуан Ақжол Мәлік жеңіп алды.

«Дүзелбай атамыздың турниріне Астана қаласынан екі команда, көршілес Амангелді, Жангелдин аудандарынан және Арқалық қаласы мен ауылдарынан командалар қатысты. Бүгінде облысымызда қазақ күресі қарқынды дамып келеді. Мәселен, Арқалық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 170 – ке тарта жеткіншектер спорттың осы түрімен шұғылданады. Спортшыларымыз сан түрлі жарыстарда еліміздің атын шығарып жүр. Бүгінгі турнирдің туын көтерген жеңімпазымыз да өзіміздің шәкіртіміз, біздің спорт мектебінің тәрбиеленушілерінің бірі екенін мақтанышпен айта аламыз»,–дейді турнирдің бас төрешісі, Қазақ күресінен жоғарғы үлттық дәрежедегі төреші Азамат Қабденұлы.

Еске алу турнирі ән-жырмен, ақынның арнауымен әспеттеліп, «Жастар» дәмханасында ұрпақтары атынан марқұмның рухына арналып ас берілді.

 

Суреттерді түсірген автор.

 

Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу