Дамир Бадгетдинов: “Даланың сәні – төрт түлік”

Дамир Бадгетдинов: “Даланың сәні – төрт түлік”

Қой өсіру – ежелгі ата кәсіп. Қорасы қойсыз болмаған қазақтың бүгінінде Шопан ата төлінің шаруашылығы шет қалып тұрғаны жасырын емес. Жастарға арналған бағдарламаға қатысып, кенжелеп қалған қой шаруашылығын қолға алып, оның еті мен жүнін пайдаға асыруды мақсат еткен қамыстылық жас кәсіпкер Дамир Бадгетдиновтың бастамасы көпке үлгі.

Мемлекеттің қолдау шаралары аясында жастарға арналған бағдарламаға қатысып, «Аграрлық кредиттік корпорациясы» АҚ арқылы 3 млн 700 мың теңге несие алып, қой өсіруді қолға алды.

Айта кетейік, былтыр ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 21-35 жас аралығындағы азаматтарға 2,5 пайыздық шағын несие беру бағдарламасы іске қосылды. Мақсаты – жастардың кәсіп бастауына немесе оны кеңейтуіне, табыс көзін арттыруына қолдау көрсету. Жас кәсіпкерлер мемлекеттік бағдарлама аясында мал шаруашылығы жобалары үшін мерзімі 7 жылды, бизнестің басқа түрлеріне 5 жылды құрайтын 5 млн теңгеге дейін несие ала алады. Микрокредитті алушылар үшін негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдік кезеңі беріліп, мерзім ұзақтығы 3/1-ден аспайды.

Аталған бағдарлама бойынша қызығушылық танытушы қамыстылық жастардың қатары артып келеді.

Дамирдің бүкіл өмірі ауыл өмірімен етене байланысты. Ол бала күнінен мал шаруашылығы мен күтімінің ерекшеліктерін көріп біліп өсті. Бала жастан әкесіне үй шаруашылығында қолқабыс ететін, ірі қара мен жылқыны бағуға жәрдемдесетін. Қазір ол «Алтынсарино» ЖШС-де агроном болып жұмыс істейді, әлі де мал шаруашылығына қызығушылық танытады. Жеке шаруашылық ашуға ниетті ол Шопан ата кәсібін көбейтуге шешім қабылдады.

“Ауылдың негізгі табыс көзі – мал шаруашылығы. Әкем екеуміз қой басын өсіріп, одан мол өнім алуды ойлап жүргенбіз. Қолдан келетін істі неге жасап көрмеске?! Сөйтіп жастарға арналған бағдарламаға қатысып, «Аграрлық кредиттік корпорациясы» АҚ арқылы 3 млн 700 мың теңге несие алдым. Алған қаражатқа 60 бас аналық пен 5 қошқар сатып алдым. Қой жануары суыққа төзімді, тебіндікке мықты болып келеді. Қой бағу, мал өсіру біздің ата кәсібіміз емес пе… Кішкентайымнан малмен етене араласып өскесін мен үшін бұл шаруа ешқандай қиындық туғызбайды. Алдымызға мал салып, еңбек етуге жағдай жасалып тұрғанда, мүмкіндікті жіберіп алуға болмайды”, – дейді ол.

Өз идеясын жүзеге асыру мақсатында Дамир Қамысты ауданы мансап орталығының филиалына жүгінді. Мамандар кеңес беріп, оған құжаттар мен бизнес-жобаны дайындауда көмек көрсетті. Көп ұзамай ол «Аграрлық кредиттік корпорациясы» АҚ арқылы қой өсіруге 3 млн 700 мың теңге алды. Алған қаржыға Дамир Бадгетдинов 60 бас аналық қой мен 5 қошқар сатып алды.

Кәсібін енді бастаған Дамир қой шаруашылығынан әлі пайда көрмегенін, бүгінде тек олардың санын өсіру үшін жұмыс жасап жатқанын жеткізді.

«Бүгінде осындай пайда көрдім деп айта алмаймын. Себебі, биыл жаппай төлдеп жатыр. Шаруашылығым кеңейіп келеді. Қорамнан қойды өргізіп, жайылымға шығарып жіберетін оңтайлы сәтті күтіп отырмын. Мал өсіру оңай шаруа емес, маңдай терді талап ететін адал кәсіп. Ала жаздай жайлаудағы жанталас пен қыста қорадағы қарбалас барлығы қажырлы еңбек пен төзімділікті талап етеді. Бірақ, «еңбекпен келген нан тәтті» демей ме?!», – деп ойымен бөлісті жас кәсіпкер.

«Мал өсірсең, қой өсір, табысы оның көл-көсір» деген аталы сөздің мағынасын терең түсінген біздің кейіпкеріміз болашақта қойдың етін өндіріп қана қоймай, биязы жүнін тапсырып, кәсібін кеңейтуді жоспарлап отыр.

Мал шаруашылығы саласына шағын несие жеті жыл мерзімге берілді. Артықшылығы –  кәсіпкер мерзімнің үштен бір бөлігін төлемдер бойынша демалыс алуға құқылы.

Қамысты ауданы мансап орталығы филиалының директоры Әмір Иткузов барлық сұрақтар бойынша орталыққа кеңес алу үшін жүгінуге болатындығын айтады. Сондай-ақ, ол мемлекет еңбек етемін деген кез-келген санаттағы ауылдықтарға бизнес бастау үшін қолайлы жағдайлар ұсынған. Тек бастама көтеріп, қолға алған іске алғашқы қадам жасаудан қорықпау қажет.

 

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суретті түсірген Дина Нұғманова

Қамысты ауданы

Жаңалықтармен бөлісу