Дәстүрлі кітап пен цифрлық дәуір: кітапханалар алдында тұрған міндеттер

Дәстүрлі кітап пен цифрлық дәуір: кітапханалар алдында тұрған міндеттер

Соңғы жылдары ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың қарқынды дамуы, интернет пен электронды ақпарат көздерінің кеңінен қолданысқа енуі дәстүрлі кітап оқуға деген қызығушылықтың бәсеңдеуіне алып келгені жасырын емес. Бұрын оқырманның басты білім көзі саналған кітапхана бүгінде электронды ресурстармен бәсекеге түсуге мәжбүр.

Әсіресе, жастар арасында гаджеттерге тәуелділік артып, көркем әдебиетке деген қызығушылық біртіндеп төмендеп бара жатқаны алаңдаушылық тудырады. Кітапханалардың заманауи қызметін жетілдіру, оқырман тартудың жаңа әдістерін енгізу, сондай-ақ кітапханаларды жаңғырту тұрғысындағы мәселелері Л. Толстой атындағы облыстық әмбебап кітапханасында жан-жақты талқыланды. Ол туралы ЖСДП Қостанай облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлайды.

Л.Н. Толстой атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың басшысы Сания Безаубекова кітапхана саласының болашағына тікелей ықпал ететін ҚР-ның «Кітапханалық қызмет туралы» дербес заңын қабылдау қажеттігін айтады. Оның айтуынша, мұндай құжат саланың жүйелі дамуына қуатты серпін бермек.

«Қазіргі таңда еліміздегі кітапханалар жүйесінің қызметі ҚР-ның «Мәдениет туралы» заңының 24-бабымен ғана шектеліп отыр. Арнайы заңның қабылдануы заңнамалық олқылықтардың орнын толтырып, кітапханашылардың кәсіби мәртебесін арттыруға мүмкіндік берер еді. Сонымен қатар бұл құжат кітапхана ісінің дамуына қозғаушы күшке айналар еді», – дейді ол.

Әрине, оқу мәдениеті әлі де болса мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындары студенттері арасында сақталып отыр. Алайда бұл топтың өзі кітаптың қағаз нұсқасынан гөрі электронды форматқа басымдық беруде.

Мұндай үрдіс ұлттық сана, тіл мен рухани құндылықтардың болашағына тікелей әсер ететіні сөзсіз. Осы тұрғыда кітапханалар тек кітап сақтайтын орын емес, ағартушылықтың, қоғамдық пікір қалыптастырудың және мәдени диалогтың орталығы ретінде жаңаша форматта жұмыс істеуі қажет.

blank

Ы.Алтынсарин атындағы Қостанай облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының басшысы Надежда Теплякова оқырман мәдениетін қалыптастыруға бағытталған тың әрі креативті ұсынысын бөлісті.

«Кітапханалардың өз жұмыс тәртібі бар және олар әрдайым тұрғындар үшін қолжетімді жерде орналаспауы мүмкін, әсіресе бұл жаңа шағын аудандарға тән мәселе. Егер супермаркеттерде постаматтар секілді жұмыс істейтін автоматтандырылған кітап беру станциялары орнатылса, халықтың кітап оқуға деген қызығушылығы арта түсер еді. Мұндай жағдайда әр адам өзіне қажетті әдебиетті оңай әрі ыңғайлы түрде ала алады», – деп атап өтті ол.

Қостанай өңірінде бүгінде 337 кітапхана жүйелі түрде жұмыс істеп, мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылуда. Бұл — аймақ үшін қомақты көрсеткіш. Дегенмен, қазіргі заман талаптары кітапханалардан тек сандық көрсеткіш емес, сапалық өзгерістерді де қажет етеді.

blank

Осыған байланысты бірқатар кітапханаларда модернизациялау жұмыстары басталып, жаңа форматтағы қызмет көрсету тәсілдері енгізілуде. Мәселен, цифрлық кітап қорлары, әдеби клубтар мен шығармашылық кездесулер ұйымдастыру тәжірибесі біртіндеп қолға алынып жатыр.

«Аталған іс-шараның негізгі мақсаты — халықтың ағартушылыққа деген қызығушылығын арттыруға бағытталған заңнамалық тетіктерді жетілдіру. Қазіргі кезеңде қоғам ақпарат алудың дәстүрлі көздерінен гөрі электрондық ресурстарға көбірек ден қойып отыр. Соның салдарынан еліміздегі кітапханалардың қызметіне деген сұраныс төмендеп келеді. Біз осы ахуалды терең саралап, оны оңтайландыруға бағытталған нақты ұсыныстарды әзірлеп, партиямыздың депутаттық фракциясы арқылы тиісті деңгейде көтеруді көздейміз», — деді Қостанай облыстық ЖСДП филиалының төрағасы Дамир Жақанов

Жиын қорытындысында қатысушылар кітапханаларды дамытуға қатысты бірқатар ұсыныстарды ортаға салды. Олардың қатарында кітапханаларды көпфункционалды мәдени орталыққа айналдыру, оқырман тартудың заманауи әдістерін енгізу, жетілдіру мәселелері бар.