Қостанай облысында ауылдық, шалғай аудандарды білікті медицина қызметкерлерімен қамтамасыз ету үшін ауқымды шаралар қолданылып жатыр. Бұл туралы елордадағы брифингте облыс әкімі Құмар Ақсақалов мәлім етті.
Облыстың оңтүстік өңірлерінің дәрігерлері үшін көтерме ақы ұлғайтылды: қалаларда жас мамандар 3,5 млн теңге орнына 5 млн теңге, ал ауылдық жерлерде 5 млн теңге орнына 7 млн теңге алады.
«Бұл шешім Арқалық қаласына, Амангелді және Жангелдин аудандарына қосымша 120-дан астам дәрігерді тартуға мүмкіндік берді. Кадрлық құрамды күшейту медициналық көмектің қолжетімділігін жақсартуға, әлеуметтік осал аумақтарда жүктемені азайтуға ықпал етеді. Кадрлық саясатты күшейту өңірдің денсаулық сақтау жүйесін дамытудағы негізгі фактор», – деді өңір басшысы.
Соңғы үш жылда облыста денсаулық сақтау саласында айтарлықтай ілгерілеу байқалды. 35 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны салынды, ал 2022 жылы тек бір ғана нысан пайдалануға берілген еді.
«Сонымен қатар 3 орталық жұмыс істейді: Қостанай қаласында 60 орынға арналған оңалту орталығы және 200 орынға арналған аутизм орталығы. Арқалық қаласында «Қамқорлық» оңалту орталығы жұмыс істейді. Жабдықтар мен жиhаздар (241,0 млн. теңгеге) «Қазақстан халқына» қорының есебінен сатып алынды. Медициналық инфрақұрылымның жаңғыртылуы халыққа көрсетілетін медициналық қызметтерді кеңейтіп, медициналық қызметтердің сапасын арттырады. Аталған шаралар денсаулық сақтау жүйесін және ерекше қажеттілігі бар отбасыларды әлеуметтік қолдауды нығайтады», – деді Құмар Ақсақалов.
