Қостанай облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласы белсенді дамып келеді. Бұл импорт өнімдері үлесін кемітуге де жол ашады.
Құмар Ақсақаловтың айтуынша, 2025 жылы жалпы құны 12,6 млрд теңге болатын 3 ірі жоба іске асырыла бастады. Олар –май экстракция кешені, етті-сүйекті ұн өндіретін зауыт, жаңғыртылып жатқан май зауыты бар.
«Жобаларды іске асыру май дәндерін қайта өңдеуді қосымша 75 мың тоннаға дейін, етті қайта өңдеуді жылына 1,3 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жаңа өндірістерді пайдалануға енгізу 70-тен астам жұмыс орнын құрып, ішкі нарықтағы дайын өнім үлесін арттырады. Бұл шаралар Қостанай облысының азық-түлік қауіпсіздігін күшейтіп, экспорттық мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған», – деді бұл жөнінде облыс басшысы.
Әңгіме импортқа тәуелділіктен арылу туралы болғанда, өңірде құс шаруашылығын дамытуға бағытталған жұмыстарды айтпай кетуге болмайды. Облыста жылына 60 мың тонна ет өндіретін 3 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған.
«Инвестициялардың жалпы көлемі – 82 млрд теңге. Бұл ретте 1 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылады. Жобаларды іске асыру құс етінің көлемін ұлғайтуға, импортқа тәуелділікті азайтуға, қайта өңдеуді кеңейтуге, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін күшейтуге зор мүмкіндік. Жобалар инфрақұрылымның дамуына, жемге деген тұрақты сұранысты қалыптастыруға, облыс экономикасының мультипликативтік әсерін құруға ықпал етеді» – деді бұл жөнінде Құмар Ақсақалов.
