Тыл ардагері Иван Перепелюк 93 жаста. Қарияны бүгінде қыңқыл-сыңқыл жиі мазалайды. Жүріс-тұрыс қиындағандықтан, өздігінен емханаға жүгінуден қалды. Сондықтан дәрігерлер Иван Дмитрьевичтің шаңырағына арнайы барды.
Иван ақсақал үлкен жасқа келсе де әлі тың көрінеді. Ақыл-ойы да сергек. Тек есту қабілеті төмендеп, аяқ-қолы сыздап ауыратынды шығарған. Әйткенмен әңгімесін шағыммен емес, алыс қалған жастық шағынан бастады.
«Бала кезімнен еңбек атаулыға ерте араластым. Спортқа өте үйір едім. Сондықтан бос селтеңге артық уақытым да, зауқым да болмады. Парашютпен секіруден жан ілестірмейтінмін. Омырауымдағы мына парашют нобайындағы медальді сол үшін иелендім. Тылдағы, фабрика-зауыттағы жанкешті еңбегім де елеусіз қалмай, екі мәрте қажырлы қызметім үшін медаль тағындым. Саналы өмірім белсенді қозғалыс-қимылмен өткен адаммын», – дейді ардагер.
Ол, өзінің айтуынша, бір орында отырса, өз-өзін жақсы сезінеді. Тек жүріп-тұрғанда ауырлық сезінеді. Сондықтан әлсін-әлсін денсаулығын тексертіп отыруға мәжбүр. Қазір қарияның қасында 22 жас кіші Любовь есімді жанашыр досы бар. Өз кемпірі қайтыс болғалы қасында. Ас-суын әзірлеп, күтіп-бағып отыр. Екі қарт үйлеріне жас дәрігерлердің ілтипат жасай келгеніне ерекше қуанып қалды.
«Иван атай облыс орталығындағы №4 емханада тіркеуде. Жасы ұлғайған кісі болғандықтан, шақыртуын күтіп отырмай, өзіміз келіп отыруды әдетке айналдырдық. Оның алдында аяғын ісік басқан соң ем-дом жасаған едік. Одан кейін іле санаторийге де жібертіп алдық. Осы жылы да жолдама алып бергелі отырмыз. Қазір атайдың жағдайы тұрақты. Қас қысымы бір қалыпта. Тек аяқ-қол буындарының ауыратыны рас. Қазір біздің емханаға тіркелген екі ардагер ғана қалды. Сондықтан осы кісілердің жай-күйін үнемі жіті бақылауда ұстап отырамыз», – дейді №4 емхананың терапевт маманы Гүлсім Көшекова.
Жеңістің 80 жылдығы қарсаңындағы мұндай іс-шара әлі жалғасады. Әр емхана қызметкерлері өздерінде есепте тұрған ардагерлердің үйлерін аралап, медициналық тексеріс жүргізеді.
Суреттерді түсірген – Балауса ЖҮНІС