Сидней Олимпиадасының чемпионы, марқұм боксшы Бекзат Саттархановтың анасы Сырлыгүл Шойбекова Денисов ауданына арнайы келіп, жас спортшылармен жүздесті.
Денисов ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері чемпионның анасын ыстық ықыласпен қарсы алды. Кездесу емен-жарқын әңгімеге ұласты. Шынайы әңгіме балаларға шабыт сыйлағаны сөзсіз.

Сырлыкүл Адырбекқызы ұлы жайлы естеліктерін айтып, олимпиада биігін қалай бағындырғаны жайлы толқыныспен баяндады. Табысқа жетудің жолы – тәртіп пен мінез, қажырлы еңбек екенін ұғындырды.
Үздіксіз жаттығу адамның рухын көтеріп, намысын қайрайтын ел үлкен күш екенін түсіндірді. Еңбекқорлық пен қайтпас қайсарлығы, отансүйгіштігі арқасында Бекзат марқұм олимп шыңын бағындырды. Бұл кездесу әр баланың жүрегіндегі үміт отын маздатты. Арманына адалдық танытып, қиындыққа мойымаған адамның әрқашан жеңіске жететінін еске салды.

«Біздің балалар спорт әлемінің қыр-сырымен танысуға мүмкіндік алды. Жас боксшылар, балуандар және волейболшылар сыр-сұхбатын ұйып тыңдады. Толғандырған сауалдарын қойды. Болашақ чемпионның қалай жаттыққаны, маңызды жарыстар алдында қобалжуды қалай жеңгені? Қандай тамақтану тәртібін ұстанғаны? – бәрі-бәрі қызық бала үшін. Бекзат Саттарханов боксшы болсам деп армандаған жастардың жүрегін терең із қалдыра білді», — деді аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Наталья Филатова.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Денисов ауданы
