Көп жағдайда кәсіпорындарда қарапайым еңбек қауіпсіздігі сақтала бермейді. Мұның арты кісі өліміне, жұмысшылардың өндірістік жарақат алуына әкеп соқтырады. Абырой болғанда, биыл бірде-бір қайғылы жағдай тіркелмеген. Мамандардың айтуынша, еңбек адамының қауіпсіздігін сақтау, бақытсыз оқиғалардың алдын алу басты міндет. Облыстық салалық және жергілікті кәсіподақтар өкілдері бас қосқан үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысында осы мәселелер жан-жақты талқыланды.
Облыс әкімдігінің еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бақыт Қашырбековтің сөзіне қарағанда, өткен жылы өндірісте 123 жазатайым жағдай тіркеліп, оның 18-і адам өлімімен ақталған. 142 адам зардап шеккен. Осы жылдың алғашқы тоқсанында еңбек қауіпсіздігін сақтамау салдарынан 20 бақытсыз оқиға белең алды. 20 адам жапа шегіпті.
-Мұндай келеңсіз жайттарды болдырмау үшін барынша сақтық, қауіпсіздік шараларын жүргізудің маңызы зор. Мәселен, облыстағы 21 кәсіпорын “Vision Zero – нөлдік жарақат” Концепциясын енгізу туралы шешім қабылдады. 2 кәсіпорын “Халықтық бақылау” жобасын енгізіп, “халықтық бақылаушылар” ретінде мүмкіндігі шектеулі жандарды тартқан. 4413 кәсіпорынға жұмысшыларды бақытсыз жағдайлардан сақтандыру қажеттігі жөнінде ескертілді. Жұмыскерлердің еңбек құқықтарын сақтауға кепіл берген 14 өндіріс орнына сенім сертификаттары табыс етілді. Яғни, сенім сертификаттарына ие болған кәсіпкерлік нысандар үш жыл бойы еңбек заңнамасының сақталуын тексеруден және бақылаудан босатылады, -дейді Бақыт Қашырбеков.
Алқалы басқосуда өндірісте, кәсіпорындарда қарапайым еңбек адамдарының құқықтарын қорғау, келеңсіз жайттарды болдырмауға қатысты бірталай ұсыныс, пікір айтылды. “Қазақстан темір жолы “ҰК”АҚ филиалы магистральдық желісінің Қостанай бөлімшесінің еңбекті қорғау және экология секторының жетекші инженері Мейрам Жанғабыловтың айтуынша, көбіне ұжымдарда қарапайым еңбек адамдарының құқықтары жиі бұзылдады.
-Жазатайым оқиғалардың себептерін талдау барысында, кездейсоқ жағдай тіркелген кәсіпорындарда қауіпсіздік ережелерін сақтау шараларымен танысқандардың шегі 0,5- 4% -ке әрең жетеді. Қызметкерлерді бақылау, жарақаттанудың алдын алу мақсатында әңгіме жүргізу де мардымсыз. Нәтижесінде локомотив шаруашылығында айналасы аз уақыттың аралығында үш жағдай тіркелді. Осыған сүйене отырып, қауіпсіздік мәдениеті адам факторына тікелей байланысты деген тұжырым жасалды. Қауіпсіздік деңгейін арттыру үшін алдағы уақытта осы бағытта ауқымды жұмыс жоспарланып отыр,-дейді М.Жанғабылов.
Мәселен, кез келген еңбек адамы мобильді қосымшаны пайдалану арқылы да қауіпсіздік шараларын сақтай алады. Модуль әрбір қызметкерге мобильді құрылғыға кез келген оқиғаны, Near Miss жағдайын, қауіпті әрекет пен шарттарды немесе қауіпті жұмыстарды тоқтату құқығын тіркеуге, тіркелген оқиғаны автоматтандырылған жүйеге енгізуге мүмкіндік береді. Соның арқасында 2020-2022 жылдар аралығында 89309 құқық бұзушылық анықталып, соның 81463-і жойылған.
Әлібек ЫБЫРАЙ