Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы аясында «Бүгінгі тазалық — ертеңгі тұрақтылық» атты экологиялық іс-шара ұйымдастырылды.
Жиынға қала әкімі Әмірхан Асанов қатысып, ұжым алдында сөйлеген сөзінде экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстардың аса маңызды екендігін, қазіргі таңда елімізде тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған жұмыстарға баса назар аударылып отырғанын алға тартты.

Қала әкімі айтып өткендей биыл қалада шоқтықты шаралар көптеп өткізілмек. Мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің – 95 жылдығы республикалық деңгейде аталып өтіледі. Дәстүрлі «Мың домбыра» іс – шарасы жалғасын табады. Биыл облыстық спартакиада жалауын Арқалықта желбіретеді. Арқалық қаласының 70 жылдық мерейтойы жоғары сән — салтанатымен аталып өтілмек.
«Қаланың инфрақұрылымын жаңғыртуға жыл сайын қомақты қаржы бөлінуде. Өткен жылы 1,5 миллиард теңге қаражатқа 32 көпқабатты үйдің қасбеттері боялып, қабырға аралық жіктері бүтінделді. 9 көпқабатты үйдің сырты қапталды. 30-дан астам үйдің төбесі жөнделді. Жалпы, соңғы үш жылдың ішінде қала бойынша 100 көпқабатты үйдің төбесі жөндеуден өтті. Бұл қаламыз үшін көптен шешімін күткен үлкен мәселе болатын. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табады», –деді қала әкімі Әмірхан Біркенұлы.
Өз кезегінде университет ректоры Талғат Ещжанов ұжымға үнемі қолдау көрсетіп, қамқорлық танытып отырған қала басшысына алғысын білдіріп, «Таза Қазақстан» бағдарламасының бір реттік шара емес, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жүйелі әрі маңызды жұмыс екенін жеткізді.

Таяуда қалада күрделі жөндеуден өткен университеттің үшінші корпусы пайдалануға берілмек. Бұл өңірде білімнің дамуына жасалып жатқан ізгі көмектердің айқын дәлелі.

Жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғау құндылықтарын дәріптеу, сондай-ақ қоғамның табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруды қарастырған жиынға қара шаңырақ білім ордасының студенттері мен профессор-оқытушылар құрамы белсенді түрде қатысты.




Іс — шара аясында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығы және «Таза Қазақстан» бағдарламасының негізгі бағыттары жөнінде түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілді.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді тұсірген – автор
Арқалық қаласы
