Бүгінгі күннің батырлары

Бүгінгі күннің батырлары

Торғай өңірінде мұндай алапат су тасқыны 1949 жылы болыпты дейді Фазылхан Мауданов ағамыз.

Күн күрт жылып, қыстай қатып-семіп жатқан қасат қардың еруі оңтүстік өңірлердегі ағайынды кәдімгідей мұқалтып тастады.

Табиғаттың мұндай тосын құбылысына тап боламыз деп ойламаған жұртқа бұл жұттан кем емес-ті. Айналаны топан су басып, үй-жай, мал-мүліктің бәрі бүлінді. Ресми мәліметтерге сүйенсек, кей өңірде судың деңгейі 1 метрге дейін көтерілген. Арқалық, Жанкелдин мен Аманкелді аудандарында төтенше жағдай жарияланып, қар суының құрсауында қалған халықты аман алып қалу үшін елдің бәрі жұмылды. Құтқару жұмыстарына тікұшақтар да тартылды. Бастапқыда күндіз-түні дамыл көрмей, ағынды суға арбалған ауылдарды шарлаған әуе кемелерінің жанар-жағар майы таусылып, уақытша дағдарып қалғаны рас. Мәселенің анық-қанығына көз жеткізбей тұрып, байбалам салған бәзбіреулер онсыз да үрей құшағында отырған жұртты одан бетер шошытып, дүрбелеңге салды.

Алайда, көп азамат жел сөзге ерген жоқ. Қиын сәтте қамыққан халыққа қол ұшын созды. Барымен бөлісті. Мына бір оқиғаны айтпасқа болмайды. Бірнеше күннен бері Торғай өңірінде жүрген тікұшақтардың жанар-жағар майы таусылғанда А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай әуежайының қызметкерлері көмектеспекке асықты. Сол күні Әулиекөл-Жалдама тас жолының Бүйректал ауылының тұсындағы бөлігін су басқаны туралы мәлімет түскен. Бірақ, қостанайлық жігіттер тәуекелге бел буды. Ұшақтарға қызмет көрсету автокөлігінің жүргізушісі Айбар Ғалымов пен әуежайдың жанар-жағар май құю жөніндегі технигі Максим Чисовских түскі 12-лер шамасында Арқалықты бетке алып, жолға шығады. Алдына МАИ қызметкерлері түскен. Тас жолда не бұрылуға икемсіз, не шегінуге келмейтін ауыр көлік сағатына 30 шақырымдық жылдамдықпен жүріп отырып, Бүйректалдың тұсына жеткенде күре жолды су басқанын көрген жол сақшылары да абдырап қалған.

-Не істейміз? Артқа қайту керек шығар. Мына ағыстың беті жаман, – деп қауіптенеді МАИ қызметкері. Бірақ, бар жауапкершілікті арқалап шыққан азамат тосылған жоқ. Қостанайдан шыққан көмекті асыға күтіп отырғандар көп. Мұндайда ойланып отыратын уақыт тапшы. Дағдаруға болмайтынын Айбар жақсы біледі. Жиырма тонналық «КРАЗДЫ» тізгіндеген ол нақты шешімін айтады:

– Мына көлік не шегінбейді, не бұрылмайды. Сондықтан, алға жылжи беруден басқа амал жоқ. Ол жақта халық зардап шегіп жатқанда, біздің аз-маз кедергіге алданғанымыз жарамас. Не де болса жетіп жығылайық…

Сөйтіп, баяу қозғалып, келесі күнгі 11-лер шамасында жиырма тонналық цистерна толы жанар-жағар майды Айбар Ғалымов және оның серігі Арқалық қаласына аман-есен жеткізеді. Кешелі-бүгін Торғай өңірінде жүрген тікұшақтар мен құтқарушы топ бірнеше ауылдың тұрғындарын қауіпсіз жерге жеткізді. Табиғи апат Торғай өңіріне орасан шығын келтіргенмен, адам аман. Ең бастысы осы. Елдің басына күн туғанда шетте қалмай, көмекке асыққан Айбардай азаматтардың ісіне қалай сүйсінбейсің!

Әлібек ЫБЫРАЙ

Жаңалықтармен бөлісу