Бүгін — Халықаралық Балаларды қорғау күні

Бүгін — Халықаралық Балаларды қорғау күні

Бұл атаулы күн 1949 жылы ресми түрде бекітілген. 1950 жылдан бері бүкіл әлем осы күнді Балаға қамқорлық күні ретінде атап өтіп келеді.

Осы үрдістен Қазақстан да тыс қалған жоқ. Елде азаматтық қоғамның қалыптасуы жеделдеген сайын бала құқығын қорғауға деген жауапкершілік, балаға деген қамқорлық артып келеді.

Қазір елімізде Бала құқықтары жөніндегі уәкіл жұмыс істейді. Бұл лауазым иесінің тікелей Президентке бағынатыны бала құқығын қорғауға деген мемлекеттің ұстанымы қандай деңгейде екенін көрсетеді.

Қазақстанда бала мен әйелдің, жалпы адамның құқығын қорғайтын негізгі заңдардан бөлек, балаларға арналған ондаған заң мен нормативтік актілер қабылданған.

15 сәуірде Президент әйел құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңдарға қол қойды.

Аталған құжат әйелдерді немесе балаларды жарақаттағандарды қылмыстық жазаға тартуды көздейді. Ондай жайт қайталанса, сот жәбірлеушіге қатысты шараны күшейте береді. Сондай-ақ, заңда педофилдер мен бала өлтіргендерді өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы бар. Заң мемлекеттік орган өкілдеріне кәмелетке толмаған немесе мүгедектігі бар балалардың арнайы мекемелерін ескертусіз тексеруге құқық береді.

Сонымен бірге, заңда:

  • кәмелетке толмағандарды жәбірлегені (буллинг, кибербуллинг) үшін әкімшілік жауапкершілік алғаш рет енгізілді;
  • 16 жасқа дейінгі балалар жол ақысын төлемесе де қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынды.

ҚазАқпарат

Жаңалықтармен бөлісу