Қостанай облысында бруцеллезбен сырқаттанушылық бойынша қолайсыз эпидемиологиялық жағдай байқалуда. 2025 жылдың алғашқы үш айында аурудың 3 жағдайы тіркелді: екеуі Әулиекөл және біреуі Ұзынкөл ауданында.
Соңғы онжылдықта медицина мен ветеринария саласындағы жетістіктерге қарамастан, ауру әлі де қауіп төндіруде. Әсіресе бұл дерт ауылдық жерлерде жиі кездеседі. Себебі бруцеллез жануарлармен байланыс, сондай-ақ олардан алынатын шикі өнімдер-сүт, ет, ірімшіктерді тұтыну арқылы жұғуы мүмкін.
Бруцеллез-бұл әртүрлі жолдар арқылы адам ағзасына ене алатын Brucella тұқымдасының бактериялары тудыратын жұқпалы ауру. Инфекция олардың секрециясы, ластанған өнімдері арқылы беріледі. Егер сіз жануарлармен немесе азық-түлікпен жұмыс жасағанда қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамасаңыз, бруцеллезді жұқтыруыңыз әбден мүмкін. Ауру кей жағдайда ұзақ уақыт бойы білінбей, алғашқы белгілері жиі суық тию немесе тұмауға ұқсас болып келеді, сондықтанауруды ертерек анықтау қиынға соғады.
Аурудың белгілері әртүрлі болуы мүмкін. Ол аурудың сатысы мен формасына байланысты. Басында адам бас ауруы, әлсіздік, жоғары температура, бұлшықеттер мен буындардағы ауырсынуды сезінуі мүмкін. Кейбір жағдайларда буындардың, бауырдың қабынуы, сондай-ақ жүйке жүйесінің асқынуы мүмкін. Алғашқы белгілерді бей-жай қалдырмау қажет, әсіресе егер сіз жануарлармен байланыста болсаңыз немесе өңделмеген тағамдарды қолдансаңыз. Бұл уақытында медициналық көмекке жүгінуге және ұзақ мерзімді салдардан аулақ болуға көмектеседі.
Бруцеллездің алдын алу ауруды азайтуда және осы инфекцияның таралуын болдырмауда шешуші рөл атқарады.
Жеке гигиенаға назар аудару керек. Жануарлармен немесе олардың өнімдерімен байланыста болғаннан кейін қолыңызды мұқият жуып, қолғап пен жұмыс киімі сияқты қорғаныс құралдарын қолдану маңызды. Бұл инфекцияның тері мен шырышты қабаттар арқылы енуіне жол бермейді.
Алдын алудың маңызды элементі-сүт және ет сияқты жануарлардан алынатын өнімдерді термиялық өңдеу. Сүтті қайнатып, етті жоғары температурада пісіру керек. Бруцеллезді тудыратын бруцелла бактериялары жоғары температураға сезімтал және термиялық өңдеу оларды жоюдың ең тиімді әдістерінің бірі болып табылады.
Соңында, ауру белгілерін көрсететін жануарлармен байланыста болудан аулақ болу және мұндай адамдарды сау адамдардан оқшаулау маңызды. Осы қарапайым ережелерді сақтау аурудың алдын алуға көмектеседі.
Әсел Баймұхаметова,
Қостанай облысының санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау департаментінің бөлім басшысы