«Қостанай таңы» газетінің төл жобасы – «Ботақаным» сурет байқауы қорытындыланды. Балдырғандар арасындағы дәстүрлі байқау осы жолы Аналар мерекесіне арналған еді. Оқырмандарымыз биыл да ерекше белсенділік танытты. Арнайы комиссия жүлдегерлерді де анықтады. Бүгін үздік деп танылған қатысушылар марапатталды.
Байқау 17 ақпан мен 5 наурыз аралығында өтті. Талап бойынша, фотобайқауға балалардың аналарымен түскен суреттері қабылданды. Ең әуелі, сапаға мән берілді. Әр үміткердің материалы ресми сайтқа және газетіміздің Instagram-парақшасына жарияланғаннан кейін оның қаралым-таралымының деңгейі де есепке алынды. Қабылданған фотосуреттердің барлығы бірдей жарық көрмегенін де айта кетуіміз керек. Себебі, араларында байқау ережесіне сай келмейтін суреттер болды. Айталық, көп ата-ана балаларының жалғыз түкен суреттерін жолдаған. Оның сыртында, ұялы телефонмен атүсті түсірілген сапасы төмен «селфилер» де байқауға жіберілмеді. Оның себептері сыннан өтпей қалған кісілердің өздеріне де жекелей түсіндіріліп айтылды.
Сонымен, байқауда іріктеуден өткен 21 үміткер бақ сынасты. Осы жолы қатысушылар географиясының кеңейе түскенін аңғардық. Қостанай, Арқалық, Рудный қалалары, Амангелді, Жангелдин, Б.Майлин, Меңдіқара, Науырзым және басқа аудандар белсенділігін көрсетті. Бүкіл облыс көз тігіп отырған байқауға жауапкершілікпен қарап, арнайы фотосессия жасатқан үміткерлердің еңбегіне жеке алғыс білдіргіміз келеді. Желідегі оқырмандар да өздері ұнатқан, көңілдері қалаған, сәтті деп есептеген суреттерге «лайктарын» аямай басып, астына тілек-лебіздерін жаудырып жатты.
Қорытындысында, редакция ұжымынан жасақталған арнайы комиссия өкілдері келіп түскен барлық материалды сараптап, сұрыптай отыра жүлдегерлерді анықтады. Бұл да оңай жұмыс болмады. Себебі, бірінен бірі асып түсетін, жүлделі орындарға сұранып, жұтынып тұрған суреттер аз болмады. Дегенмен, қазылар өзара ақылдаса келе мына қатысушыларға лайықты орындарын тағайындап берді: 1-орын рудныйлық бүлдіршін Ақнұр Құрметке бұйырды. Жеңімпаздың анасы Ақмаралмен тартымды, біркелкі ұлттық киім киіп түскен суреттері жоғары баға иеленді. Екінші орын – Амангелді ауданынан қатысқан 2 жасар Бақтияр Оразғалидың еншісінде. Әртүрлі ракурстан, ерекше шешімдермен түсірілген фотолар қазылар назарына ілікті. 3-орынға Арқалық қаласының кішкентай тұрғындары – Асылым, Раяна және Диляра лайық деп танылды. Олардың байқауға алғашқы болып суреттерін жібергенін де айта кеткен жөн. Аналарын ортаға алып түскен фотолары көпшілікті де, төрешілерді де баурап алғандай. Өкінішке қарай,жолдың қашықтығына байланысты жүлдегерлердің өздері келе алмады. Жүлдені Қостанай қаласындағы туыстарына табыс еттік.Жүлдегерлердің сыртында «Көзайым» атты арнайы номинация тағайындалған болатын. Бұл аталымға ең көп қаралым жинаған (385 лайк, 200 пікір) Айсұлтан Айбатырұлы ие болды. Ол байқауға Б.Майлин ауданынан қатысқан еді. Сондай-ақ, қоржындарына 439 «лүпіл» жиған рудныйлық балақайлар – Іңкәр, Айлин және Әнел де аталған номинацияны жеңіп алды. Олардың да өздері келе алмай, жүлде облыс орталығында тұратын туысқандарына табысталды.Жүлдегерлерге демеушілеріміз – «Шаңырақ» ұлттық киімдер мен кәдесыйлар бутигі әшекей бұйымдар, картиналар, домбыра және басқа да сый-сыяпат тағайындаса, «Қазақстан» кинотеатры жеңімпаздарға 15 сәуірге дейін кез келген уақытта қалаған фильмін көруге мүмкіндік ұсынды.
Суреттерді түсірген Бағта Ахметбеков