Аға буынға – алғыс пен құрмет

Аға буынға – алғыс пен құрмет

Бүгін, Көрісу күнінде облыстық «Қостанай таңы» газетінің бастамасымен «Мерекелік сый-құрмет» атты акция басталды. Бұл ізгі науқанның мақсаты – редакциямызда көп жыл еңбек етіп, зейнетке шыққан аға-апаларымызға Наурыз мейрамы қарсаңында  сый-құрмет көрсету.

Облыс баспасөзінің қарашаңырағы – ғасырлық тарихы бар «Қостанай таңы» басылымында бірнеше буын ұрпақ қызмет етті. Олардың әрқайсысының газет тарихында өшпес қолтаңбасы қалды. Сондықтан алдыңғы толқынның қажырлы еңбегі қашанда қастер тұтуға лайық әрі өскелең буынға өнеге. Бүгінде арамызда осы басылымда ұзақ уақыт жұмыс істеп, құрметті демалысқа шыққан зейнеткерлеріміз аз емес. Қадірлі аға-апаларымызға Ұлыстың ұлы күні қарсаңында лебізіміз бен сый-тартуымызды көрсету үшін аталған акцияның тұсауын кесіп отырмыз.

Сонымен, алғашқы болып, «Қостанай таңы» газетінде қалтқысыз қызмет еткен кешегі тәжірибелі мамандар, бүгінгі зейнеткерлер – Гүлназым Сағитова мен Меруарт Қалаусызоваға қаржылай сыйлық табыс етілді. Демеушілер – жеке кәсіпкер, Альянс мүшесі Ирина Юрьевна Сулименко, облыстық ПД ЖПҚБ Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімінің аға инспекторы, майор Ботакөз Маратқызы Откүлбаева.

Айта кетейік, бұл акция Қостанай облыстық Әйелдер күштері альянсының төрайымы Римма Шыңғысқызы Бектұрғанованың қолдауымен жүзеге асып отыр. «Қостанай таңы» газетінің зейнеткерлерін мейраммен құттықтап, лебіз-құрмет көрсету науқаны жалғасын табады.

Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу