Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының «Жаратылыстану және ақпараттандыру» факультетінің ұйымдастыруымен «Жас ғалым – 2023» аймақтық ғылыми жобалар байқауы өтті. Осы байқауға физика пәні бойынша Восточный жалпы білім беретін мектебінің 8 сынып оқушы Аружан Әлмұқан ғылыми жобасын ұсынды.
Аружанның зерттеу тақырыбы «Сабын көбікшелері табиғаттың жұмбағы іспетті» деп аталды.
Зерттеудің өзектілігіне тоқтал-ған болашақ ғалым:
– Сабын көбікшелерінің құпия- сын аша, зерттей отырып, адамзат қауымын өзін қоршаған табиғат аясын қорғауға және оны аялай білуге шақыру. Табиғат әлемінің адамдарға берер нәрі мол екеніне көз жеткізу, – дейді Аружан.
Аружан зерттеу жұмысын жазып, жобасын сәтті қорғап, сайыста 3 орынды иеленді.
Жобаның түпкі мақсаты дарынды балаларды анықтау, олардың ғылыми әлеуетін дамытуға және іске асыруға жағдай жасау. Оқушылар арасында түрлі зияткерлік сайыстар, байқаулар, олимпиада және ғылыми жоба жарыстары ұйымдастырылуда. Осының арқасында шәкірттер жақсы жетістіктерге жетіп отыр, – дейді институт ғалымдары.
Дамудың даңғыл жолына бағыт алған болашағы баянды елдің өрісі қашанда білікті де саналы ұрпағымен кеңеймек. Өскелең жасты еліміздің тұтқасы етіп тәрбиелеу әрбір ата-ана мен мұғалімге байланысты. Ал, осы жауапкершілікті абыроймен атқару ардақты ұстаздарға жүктелген мәртебелі міндет.
Назгүл ИШАНОВА,
Восточный жалпы білім беретін мектебінің физика пәнінің мұғалімі.