Жас жұлдыздар жарқырайды

Жас жұлдыздар жарқырайды

Торғайдан шыққан танымал композиторлар жетіп артылады. Ал, сол жергілікті композиторлардың әндерін қаншалықты білеміз? Олар – Бақытжан Байқадамов, Болат Хамзин, Алтынбай Сейітқасымов, Ерлан Нұрманғалиев, Қалибек Деріпсалдин, Бақытжан Сәуекенов, Ерлан Ахметов және тағы басқалар. Жерлес сазгерлеріміздің әндерін насихаттау мақсатында биыл қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен, Бақытжан Байқадамов атындағы балалар музыка мектебінде «Жұлдыз лайф» ән байқауы өтті. Байқау екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезең патриоттық әндері болса, екінші кезең жергілікті сазгерлердің әндерін орындау болды.

Байқаудың мақсаты – бала бойына патриоттық сезімді ұялатып, жергілікті сазгерлердің шығармаларын насихаттау. Бұл байқауда қала және ауыл мектептерінің өнерпаздары жергілікті сазгерлердің әндерін айтып өз бақтарын сынады. Айта кетер болсақ, А.Байтұрсынұлы атындағы бастауыш гимназияда қазіргі уақытта тәрбиелеп жүрген кішкентай өнерпаздарым, өз өнерлерін ортаға салды. Кішкентай өнерпазымыз алты жасар Тұрғын Әлихан Алтынбай Сейітқасымовтың «Айналайын Торғайым» әнін, жеті жасар Раяна Абылайханқызы Бақытжан Байқадамовтың «Айгөлек» әнін, жеті жасар Бейсембай Маржан Ерлан Ахметовтың «Арайлы Аманкелді» әнін өз деңгейінде орындап жүлделі орындарға ие болды. Бұл байқаудың бас жүлдесін жоғарғы деңгейде орындап, қазылар алқасының көңілінен шығып, алты жасар Тұрғын Әлихан қанжығасына байласа, екінші орынды жеті жасар Бейсембай Маржан Раяна Абылайханқызы өзара бөлісті.

Байқау жоғарғы деңгейде өтті. Сонымен қатар, қала және ауыл мектептерінің өнерпаздары жергілікті сазгерлеріміздің әндерін өз деңгейлерінде орындап, халыққа кеңінен таныта білді.

Біздің өңір тума таланттардан кемде емес. Ал, олардың шығармалары өміршең болу үшін әнші де, тыңдарман да, тиісті сала мамандары да бірлесе жұмыс істеу қажет екені ақиқат. Жергілікті сазгерлердің әндерін бірі білсе, бірі біле қоймайды. Сондықтан, алдағы уақытта осындай жергілікті сазгерлердің әндері мен шығармаларын кейінгі ұрпаққа насихаттап, дәріптеу сіз бен біздің міндетіміз.

Динара Тәуекелова,

 А.Байтұрсынұлы атындағы бастауыш гимназиясының музыка пәні мұғалімі.

Жаңалықтармен бөлісу