“Бөгет құрылысы сапасыз салынып жатыр”. Әкімдік өкілдері не дейді?

“Бөгет құрылысы сапасыз салынып жатыр”. Әкімдік өкілдері не дейді?

Тобыл өзенінің ескі арнасын қалқалайтын бөгетті жөндеу жұмыстары сапасыз жүріп жатқаны туралы ақпарат тарады. Қостанай ауданы әкімдігінің өкілдері тұрғындарды алаңдаушылыққа салған бұл хабарламаны жоққа шығарып отыр.

Әлеуметтік желілерде желдей таралған ақпаратта су қоймасынан жіберілетін су көлемі шамадан асқаны және бөгетке жақын орналасқан үйлер қауіппен бетпе-бет келіп тұрғаны меңзелген. Аудан әкімінің орынбасары Бағдат Мұқанов мұның шындыққа жанаспайтынын айтты.

«Мұның фейк-ақпарат екенін хабарлаймыз, – дейді Б.Мұқанов. – Тобыл қаласында су тасқынына қарсы шаралар аясында бөгетке күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Оның жалпы ұзындығы – 4,2 шақырым. Жөндеу мемлекеттік сараптамадан өткен жобалық-құндық құжатқа сәйкес жасалу үстінде. Мердігер ұйым – «Руслана и З» ЖШС. Жұмыс осы айда толық аяқталуға тиіс».

Бүгінге дейін күрделі жөндеу 90 пайызға орындалған. Су жіберу құбырлары толық жаңартылып, тоған қайтадан құрғақ құммен бекемделіп, бөгет деңгейі 7,7 метрге дейін биіктетілген. Бұның егжей-тегжейін мердігер ұйымның басшысы Ринат Зинатов айтып берді.

«Рас, жергілікті тұрғындар тарапынан бөгеттің биіктігі мен беріктігі, тұрғын алабы жағында ысырмалы су жіберу құбырларының бар-жоғы туралы сауал-сұрақ көп түседі. Көбі істелген жұмыстың сапасына алаңдаушылық білдіреді. Біз бекітілген жобаға құжатына, тыңғылықты жоспарға сай жөндеуді асқан жауапкершілікпен жүргізіп жатырмыз. Жауын-шашын және еріген қар суын жіберуге арналған ысырмалар қала жақ бетінен орнатылды», – дейді мердігер.

Сапа дегеннен шығады, бөгетке төселетін топырақтың қабаттық тығыздығына арнаулы зертханада 532 рет сынақ жүргізілген. Сондай-ақ бетонның беріктігі де 22 мәрте сынақтан өтіп, тыңғылықты тексеріліпті. Нәтижесінде материалдардың сапаға сай екені анықталған көрінеді… Спикерлер тұрғындарды тексерілген, ресми ақпаратқа жүгінуге шақырады.

Жаңалықтармен бөлісу