Келісім комиссиясы бизнес үшін маңызды платформаға айналып отыр. Кәсіпкерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізілімінен шығару мәселесі қаралған келісу комиссиясының кезекті отырысы бизнестің пайдасына шешілді.
Кәсіпкер объективті себептер бойынша шарттың орындалуын қамтамасыз етуді уақтылы енгізе алмаған. Мемлекеттік органдар, кәсіпкерлер палатасы және салалық қауымдастық ұсынған келісім комиссиясының мүшелері өтінімді қарап, тапсырыс беруші үшін жағымсыз салдардың жоқтығын назарға алып, кәсіпкерді жосықсыз өнім берушілер тізілімінен мерзімінен бұрын шығару туралы шешім қабылдап, оны қолдады.
Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ренат Дәулетпаев келісім комиссиясының маңыздылығын атап өтті.
«Келісім комиссиясы – бұл өнім беруші мен тапсырыс беруші арасындағы диалог үшін тиімді алаң. Онда тараптар оңтайлы шешімдер тауып, мемлекеттік сатып алу шеңберінде туындаған проблемаларды реттей алады», – деді ол.
Биыл облыста барлығы бес келісім комиссиясы өткізіліп, барлығында бизнестің пайдасына оң шешім қабылданған.
Сералы МЫРЗАБАЙ,
Жанбосын НОҒАЕВ
ҚӨУ студенті