Облыс әкімдігінде есепке қойылмаған үй жануарларына қатысты мәселелер талқыланды

Облыс әкімдігінде есепке қойылмаған үй жануарларына қатысты мәселелер талқыланды

Ауыл шаруашылығы жануарларын есепке қою және шығару міндетінен жалтаратын тұрғындар көп. Бұл бақылаусыз, екпе алынбаған малдың көбеюіне себепші. Ал оның зардабы ауыр болуы ықтимал. Осы мәселені шешу үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Облыс әкімдігінде өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен жиында осы түйткіл талқыланды.

Бақпа малды сәйкестендіру дегеніміз – биркалау, таңбалау және чиптеу арқылы жануарды базаға тіркеп, ветеринарлық құжат беру. Тұрақты түрде жүзгілуге тиіс шарамен айналысуға Ветеринария басқармасы, аудан-қалалардағы ветстанциялар жауапты. Биркалау мен таңбалау жергілікті бюджеттен қаржыландырылады. Ал үй жануарларын, әсіресе, жылқыларды чиптеуге қожайыны міндеттеледі. Малдың көбеюіне, сату-сатып алуына, сойылуына байланысты, база бір сәтке дамыл білмей жаңарып, деректер үнемі құбылып отырады. Бұл процестің қандай мән-маңызға ие екенін атқарушы және бақылаушы органдар ғана емес, алдында малы бар қарапайым халық та жете түсінгені жөн…

Былтыр өңірде осы бағыттардағы жұмыс қалай жүргізілгенін және биылғы жоспар жөнінде облыстық Ветеринария басқармасының жетекшісі Төлеген Иманбаев баяндап берді.

«2024 жылы төлдерді сәйкестендіруге жергілікті бюджеттен 147 млн теңге бөлінді. Жыл ішінде ұзын саны 388 мың бас тіркеуге алынды. Биыл бұл шараға 136 млн теңге бағытталып отыр. Оған, шамамен, 370 мыңдай төл сәйкестендіруден өтпек.  Жыл басынан бері 35 мыңнан астам ІҚМ және ұсақ мал, 3 мыңдай жылқы және 4 мың шошқа базаға енгізілді. Бұдан бөлек, биркалары жоғалған жануарлар қайта нөмірленді», – дейді басқарма басшысы.

blankОның келтірген нақты деректеріне сүйенсек, облыста 319 452 ІҚМ, 439 811 қой-ешкі, 167 007 жылқы, 233 түйе және 68 101 шошқа бар екен. Мұның сәйкестендіру базасының мәліметі ғана екенін ескерген жөн. Өйткені төлін дер уақытында есепке қоймайтын немесе есептен шығармайтын тұрғындар көп. Жануар туралы анық емес ақпараттардың енгізілуі, ветеринарлық алдын алу шараларын жүргізуге қатысты күрмеулі мәселелер тағы бар.    blank

«Жануарлардың уақытылы есепке қойылмауына немесе базадан алынып тасталмауына негізгі себеп – мал иелерінің жауапкершілігінің төмендігі. Заң бойынша ветеринариялық ұйымға, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау органдарына сатып алынған, жаңа туған, сойылған, сатылған мал туралы ақпарат міндетті түрде берілуі керек. Бірақ көбіне тұрғындар бұл жөнінде тіс жармайды, жасырын ұстайды, уақытында ветқызметке хабарламайды. Мұның салдары көп машақатқа әкеп соғуы мүмкін. Қадағалаудан тыс қалғандықтан, тіпті аса қауіпті инфекциялық аурулардың таралуына себепші болуы да ықтимал», – деп түсіндірді Т.Иманбаев.

Әлі күнге тыйым болмай келе жатқан жауапсыздықты өңір басшысы Құмар Ақсақалов та сынға алды. Жағдайды жылдан-жылға жақсартуға барынша күш-жігер жұмылдыруды қадап тапсырды.blank

«Сәйкестендіру шараларының бәрі тегін жасалады. Ендеше адамдар неге жануарларын есепке қоюдан жалтарады? Жасырып қалудағы себеп неде? Немқұрайдылық па, әлде бұл жергілікті атқарушы органдардың, ветеринарлық қызметтің, инспекцияның бақылауының жоқтығы ма? Барынша іске кірісу керек. Барлық мал басы есепке алынуға тиіс. Былтыр тіркеуге енгізілмеген мал санын көрдік. Бұл деген – барып тұрған қауіп-қатер, халық денсаулығын тәуекелге тігу. Егер мал сәйкестендірілмесе, ауруларға қарсы екпеден өтпейді деген сөз. Ондай малдың еті қайда таратылады, қай жерден шығады? Алда-жалда келеңсіз жағдай туындай қалса, оған кім кінәлі болады? Таяқтың бір ұшы жауапты мекемелерге тиеді. Тиісті жұмысын кім лайықты атқармаса, жұмысынан қуылуы қажет. Біз барлығын көлікпен қамтамасыз еттік. Материалдық-текхникалық базаны жақсарттық. Мемлекет сәйкестендіру процесіне, препараттар сатып алуға жеткілікті қаржы бөліп жатыр. Ендеше ахуалды оңалта түсуге тиіспіз. Сондықтан қолда бар мал басы санының тыңғылықты есебі шашаусыз шығарылып отыруы керек», – деді облыс әкімі.

Мысалы, былтыр Әулиекөл ауданында келеңсіз жағдай тіркелген. Әлдебір аулада «жеке тұтыныс үшін» деген желеумен мал сойылып, еті жұртқа таратылған ол жануар ауру болып шыққан. Иинфекция тарата жаздаған малдың кейін сәйкестендіру базасында болмағаны анықталып, дер кезінде қауіптің алды алынған. Басқарма басшысы Т.Иманбаев осындай мәселелердің жолын кесу мақсатымен қазір өңір-өңірде жұмыс жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті.blank

 «Осындай проблемаларды ушықтырмау үшін басқарма аудан-қала әкімдеріне елді мекендерді, аулаларды аралап, мал басы санын түгендеу тапсырмасын берді. Жұмыс топтары жануарлар санағын жүргізу барысында тұрғындар арасында түсіндіру жұмысын да жүргізіп жатыр. Инфекциялық аурулардың алдын алу туралы буклеттер таратылуда. Мал иелеріне TortTulik мобильді қосымшасына тіркелу жөнінде үгіт-насихат жасалу үстінде. Осы шара басталғалы құзырлы органдардың аумақтық бөлімшелеріне Ветеринарлық станциялардан жүзден астам хат жөнелтілді», – деді ол.

Облыс әкімі жануарлардың дәлме-дәл есебі, біріншіден, түрлі аурудың алдын алуға, екіншіден, мал ұрлығы қылмысын қадағалауға септігін тигізетінін айтты. Сондай-ақ ол ауыл шаруашылығы жануарларын сою процесі де ерекше бақылауды қажет ететінін сөз қылды. Оның айтуынша, заңнамаға сәйкес, мал санитарлық талаптарға сай келетін арнайы жасақталған орындарда сойылуы керек.blank

«Бұл, әуелі, сіз бен біздің қауіпсіздігіміз. Сатуға шығарылатын малды аулада союға тыйым салынуы қажет. Базар, дүкен сөрелеріне түскен ет жіті қадағалануы шарт. Мұнда да жануарларды сәйкестендірудің маңызы зор. Оларға қажетті екпелер жасалғаны ескерілуі керек. Сондықтан барлық фермерді осы талаптарды қатаң ұстануға шақырамын. Атқарушы және қадағалаушы органдар өзара жүйеленген жұмыс жүргізуге тиіс», – деді Құмар Ақсақалов.

Мал санағы жылына екі рет жүргізіледі. Бірақ өңір басшысы биыл мұндай шараны тоқсан сайын өткізуді міндеттеп отыр.

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ