Қостанай облысы бойынша ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті департаменті бастығының м.а. Махаббат Кәрібайқызымен сұхбат.
– Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау прокуратура үшін қаншалықты маңызды?
– Бұл – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Қазіргі таңда кәсіпкерлік субъектілеріне заңсыз қысым жасалмауы үшін бірқатар жүйелі шаралар қолға алынды. Соның ішінде, біз «Тексерулер субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі» (ТСОБТ) деп аталатын ақпараттық жүйені қолданамыз. Бұл жүйе тексерулердің заңдылығын қадағалауға мүмкіндік береді.
– ТСОБТ жүйесінің тиімділігі қандай?
– Бұл – бизнесті негізсіз тексерулерден қорғайтын негізгі құрал. Барлық тексерулер автоматты түрде тіркеледі. Мәселен, 2025 жылдың өткен кезеңінде 1644 тексеру тіркелді. Оның ішінде 956-сы жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты. Автоматты тіркеу адам факторын болдырмай, ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етеді.
– Тексерулер барысында заңбұзушылықтар болды ма?
– Иә, мысал ретінде айтар болсақ, үш жағдайда кәсіпкерлерге қатысты тексерулерді тіркеуден бас тарттық. Себебі, олар заңмен белгіленген мерзімнен асып кеткен.
– 2025 жылы енгізілген «прокурорлық сүзгі» туралы айтып өтсеңіз.
– Бұл – Президент Жарлығын іске асыру аясындағы жаңа қадам. Енді прокурордың келісімінсіз ешбір мемлекеттік орган инвесторға тексеру жүргізе алмайды. Бұл сүзгі инвесторлардың құқығын қорғауға бағытталған. Сонымен қатар, лицензияны кері қайтару, қызметін тоқтату сияқты әрекеттер де прокурордың келісімінсіз жүзеге аспайды.
– Бұл сүзгі қалай жұмыс істейді?
– «Прокурорлық сүзгіні» іске асыру үшін Азаматтық іс жүргізу кодексіне, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске және Кәсіпкерлік кодекске өзгерістер енгізілді. Нәтижесінде, тек прокурордың келісімімен ғана тексерулер мен әкімшілік істер қозғалады. Жүйеге енгізілген өзгерістер толықтай жұмыс істеп тұр.
– Практикада қандай нәтижелер бар?
– Жыл басынан бері прокурордың келісімімен 14 тексеру тіркеліп, 8 әкімшілік іс қозғалды. Ең бастысы – бірде-бір инвестордың құқығы бұзылған жоқ.
– Прокуратура алдағы уақытта қандай жұмыстарды жалғастырады?
– Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау – күн тәртібінен түспейтін маңызды мәселе. Бұл бағыттағы жұмысымыз тұрақты түрде жалғасады. Біз бизнестің дамуына заң аясында барынша қолдау көрсетеміз.