Партиялар өзінің әлеуетін толық көрсетті. Өз бағдарламасын жұртшылыққа жан-жақты түсіндіріп, жеткізе білді. Науқанға қатысқан барлық партияның ұсыныстары жұртшылықтың назарын аударды, қоғамдық өмірге үлкен серпін берді. Көптеген байқаушылар партиялардың арасында ашық бәсеке болғанын айтты.
Болашақта партиялардың билік жүйесіндегі ықпалы да күшейе түседі. Әр науқан сайын олардың рөлі арта бермек.
Сайлауда «Әділет» партиясы басым дауыспен жеңіске жетіп, Құрылтайда конституциялық көпшілікті құрап отыр. Сондықтан «Әділет» партиясына қойылатын талап та, артылатын үміт те, сенім де аса жоғары.
Депутаттар халықтың аманатына адал болып, мемлекет мүддесіне қызмет етуі керек. Бұл – анық ақиқат. Мұны ешқашан естен шығармау қажет.
Реформаның арқасында тарихи тамыры тереңде жатқан Құрылтай ұғымы қайта жаңғырды. Ата-бабамыз ел тағдыры шешілетін сындарлы сәттерде Құрылтай шақырған. Мысалы, Талас құрылтайы алып империя – Алтын орданың құрылуына себепкер болды. Ал Ордабасы құрылтайы қиын-қыстау кезеңде барша қазақты бір байрақтың астына жинады.
Бұл ұғым Ұлы даладағы парламентаризм институтының жылнамасы тереңде екенін айғақтайды. Сондықтан заң шығарушы органға Құрылтай деген атау бердік.
Біз өскелең ұрпақтың игілігі үшін ынтымағы жарасқан, Заң мен тәртіп үстемдік құрған Әділетті, Қауіпсіз, Таза және Күшті Қазақстанды құрып жатырмыз. Алда ауқымды жұмыс күтіп тұр.
