Бүгін Семей полигонның жабылғанына 33 жыл. Елді қаншама қасіретке әкелген зардаптың күші қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов бастаған азаматтардың ерлігімен жойылғанын әлі күнге еске алмай келгеніміз шындық. Енді осы күн жылда полигонның жабылғаны күні деп есептелетін болды. Қостанайлықтар қайғылы күнді алғаш рет атап өтіп, орталық саябақтағы стеллаға гүл шоқтарын қойды.
Іс-шараның алғаш ұйымдастырылуына мұрындық болған тұлға, қоғам белсендісі Сайран Нұрбаев.
«Полигонның жабылған күнін еске алу дәстүрі бізде бұрын болмаған еді. Бір күні Чернобль апатының, Ауған соғысынының құрбандарын еске алып жатырмыз. Абай атамыз туып-өскен Семей полигонынан зардап шеккендер туралы неге айтылмайды деген ой келді. Сөйтіп әкімдікке де бардым. Ол жердегі азаматтар айтқанымды қолдады, елу мың теңгеге гүл алып берді», – дейді Сайран Нұрбаев ақсақал.
Сайран Нұрбаев жайында айтар болсақ, полигонда жарылыс кезінде екі жыл болған. Аттестациядан өткен соғыс ардагерімен теңестірілген тұлға. Жалпы Ресей арқылы аттестациялық сыннан өткен не бары қырық тоғыз адам бар. Маңайында жүріп, аттестацияда өтпегендері қаншама.
Ресей оларға құжат бермей келе жатыр. Оның бәрін өткізетін Ресей екенін айттық. Ол кезде заман басқа еді. Қазір жеке мемлекет болдық. Сайран ағамыз біздің облыста сондай 1013 адам бар екенін айтты.
Сол қырық тоғыз адамның бірі Бауыржан Момышұлының жүз жылдығы медалінің иегері Бектай Әлмағамбетов екенін айта кетейік. Бектай Әлмағамбетов жетпісінші жылы полигонға түсіп, взвод командиріне дейінгі аралықты жүріп өткен қайраткер.
«Полигонда жүріп, Горкий қаласынан авто механик дайындайтын курста болдық. Жарты жылдан кейін полигонға келіп арнайы бөлімшені алдым. Взвод командирінің орынбасыры, командирі болдым. Ротаның старшинасы болдым. Аяғына дейін қалт етпей елге қызмет еттік», – деп еске алады Бектай Әлмағамбетов.
Кейіпкеріміздің атом полиясында скаважинаның құрал-жабдықтарымен айналысқан кездері де болды. 1200 жер асты скаважинасын өз бақылауына алуға аса жауаптылардың бірі ретінде танылды.
«Сіздер қазір ештеңе білмейсіздер. Тарихтағы шындықты білу міндет. Қырық жыл Ресей полигонды қаруландырып келгенінен бүгінгі ұрпақ хабарсыз. Полигоннан Семейге жеткенше қайтыс болып кеткендер өте көп болды. Жұрт соғыстың аяқталғанын тойлап жатқанда көршілеріміз, дәлірек айтқанда, қырық тоғызыншы жылы Америкалық қаруды сынақтан өткізіп жатты», – деп күңіренді Бектай ағамыз.
Ернұр ӘУЕЗХАН