Қостанай облысында құрбан шалу 28 маусым күні сағат 07:00-де Құрбан айт намазы оқылғаннан кейін басталады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында Қостанай облысының Бас имамы Бақытбек Тәжімбет айтып берді.
«Құрбан шалу рәсімі үш күнге созылып, 30 маусымға, күн батқанға дейін жалғасады. Жылдағы үрдіс бойынша, құрбан шалу Қостанай қаласы тұрғындары үшін Федоров ауданына баратын тас жол бойындағы «Амиго» ЖШС қасапханасында өткізіледі. Құрбан шалуға онлайн түрде тапсырыс беремін деген кісілер үшін арнайы сайт жұмыс істейді, – бас имам Бақытбек Тәжімбет.
Қалыптасқан дәстүр бойынша, мешіт ұжымы құрбандыққа шалынған мал етін көп балалы, мұқтаж отбасыларға тарататын болғандықтан, етті мешітке әкеліп берсе болады.
«Құрбандыққа шалынатын түйе – 5 жас, сиыр (ірі қара) – 2 жас, қой – 1 жас, ешкі, алты айға толған семіз қозы болса, рұқсат етіледі. Құрбан еті шариғат бойынша үшке бөлінеді. Яғни бір бөлігі отбасыға қалдырылады, бір бөлігін туған-туыстар мен көршілерге, тағы бір бөлігін мұқтаж жандарға таратады» , – деп толықтырды облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің наиб имам Бақытжан Икрам.
Толық ақпаратты Qurban2023.kz сайтынан оқуға болады.