Биыл отбасылық құқық бұзған төрт мыңнан астам адам жауапқа тартылған

Биыл отбасылық құқық бұзған төрт мыңнан астам адам жауапқа тартылған

Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің аға инспекторы Әсел Мұратбектің айтуынша, жыл басынан бері полицияға 4352 отбасылық жанжал туралы хабарлама түскен. Былтыр бұл көрсеткіш 6241 болған. Қайталанған өтініштер саны да 6%-ға төмендеген.

Полиция өкілі бұл туралы өңірлік коммуникация алаңында өткен  баспасөз мәслихатында айтты.

Биыл 4726 агрессор әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 7321 қорғау нұсқамасы шығарылды, сот шешімімен 3853 адамға ерекше мінез-құлық талаптары белгіленді. Денсаулық сақтау ұйымдарында психологиялық көмек көрсететін 30 кабинет жұмыс істейді. 11 айда 166 агрессорға сот психологиялық түзету шараларын міндеттеді.

25 қарашадан бастап бүкіл әлемде өтетін «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» акциясы басталды. Биылғы жылғы ұран — «Әйелдер мен қыздарға қатысты цифрлық зорлық-зомбылықты тоқтату үшін бірігейік!»

2024 жылғы маусым айынан бастап Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістер нәтижесінде тұрмыстық саладағы қылмыстар статистикасы артқан. Бұрын Әкімшілік кодексте қаралған «жеңіл зиян келтіру» және «ұрып-соғу» әрекеттері енді қылмыстық жауапкершілікке жатады.

«Егер бұл баптар қылмыстық сипатқа ие болмағанда, биыл тұрмыстық қылмыстар 18,3%-ға азаяр еді. Өсім статистикалық себептерге байланысты», – деп түсіндірді аға инспектор.

Полиция капитаны Әсел Мұратбектің айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу – ішкі істер органдарының маңызды міндеттерінің бірі. Бұл бағыт елдегі жалпы құқықбұзушылық деңгейіне ғана емес, қоғамдағы отбасы институтының тұрақтылығына да тікелей әсер етеді.

«Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау Мемлекет басшысы мен Ішкі істер министрлігінің тұрақты бақылауындағы басты міндеттердің бірі. Сондықтан департамент бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келеді», – деді Әсел Мұратбек.

Облыста осы мәселемен тікелей айналысатын 61 қызметкер бар. Оның жетеуі департаменттің орталық аппаратында, қалғандары қалалық және аудандық бөлімшелерде жұмыс істейді.

Зорлық-зомбылықтан зардап шеккендермен жұмыс сапасын арттыру мақсатында облыста әйелдер мен балаларды тергеуге арналған 3 арнайы бөлме жұмыс істейді. Олар Қостанай және Рудный қалаларында, сондай-ақ Қостанай ауданында орналасқан. Сонымен қатар, өңірде дағдарыс орталықтарының желісі кеңеюде. Арқалық (10 орын) және Рудный (20 орын) қалаларындағы орталықтардан бөлек, биыл қазан айында Қостанай қаласында 30 адамға арналған орталық ашылды.

«Бұл орталықтарда азаматтар психологиялық, әлеуметтік, құқықтық көмек алып, толыққанды қолдауға жүгіну мүмкіндігіне ие. Биылдың өзінде орталықтарға 95 адам орналастырылды. Оның ішінде 36 әйел, 1 ер адам және 58 бала бар», – деді Әсел Мұратбек.

Өңірде «Тұрмыс», «Қазақстан зорлық-зомбылықсыз», «Бақытты отбасы – бақытты ел», «Есепте тұрған», «Маскүнем» және «Учаске» сияқты республикалық акциялар тұрақты түрде өтті. Демалыс және мереке күндері «Біріңғай профилактика күні» өткізіліп, тұрмыстық жанжалға бейім тұлғалар аралап тексеріледі.

Әсел Мұратбектің айтуынша, интернеттегі кибербуллинг, онлайн-қудалау, рұқсатсыз фото-видео жариялау – қазір кең тараған жаңа қауіп.

«Бұл қауіптердің басты құрбандары – әйелдер мен қыздар. Сондықтан қоғамның цифрлық сауаттылығын арттыру, жастарды онлайн қауіпсіздікке үйрету басты міндеттердің бірі», – деді спикер.

Кампания аясында ақпараттық кездесулер, сабақтар, флешмобтар, әлеуметтік желілердегі түсіндіру жұмыстары және «Қызғылт сары күн» акциясы ұйымдастырылады.

Брифинг соңында аға инспектор Әсел Мұратбек барлық мемлекеттік органдарды, ҮЕҰ-ларды және азаматтарды тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қарсы күреске үн қосты.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ