Биыл облыстық  “Тың-Целина”  спартакиадасы Қарабалық ауданында өтеді

Биыл облыстық  “Тың-Целина”  спартакиадасы Қарабалық ауданында өтеді

Қарабалықта дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы және “Орталық” стадионын қайта жаңғырту жүріп жатыр. Бұл қос нысан  өңірде соңғы жылдары қолға алынған ең ауқымды, еш жерде баламасы жоқ  жоба.

Спорт кешенін салып жатқан “Статус Трейд” ЖШС мердігерлік компаниясының прорабы  Арман Балтабековтің айтуынша, жауын-шашынды, боранды күндері жұмыс істеу қиынға соғады. Соған қарамастан,  құрылыс бір күн тоқтаған емес. Бүгінде спорт кешенінде  жетпістен астам адам жұмыс істеп жатыр. Құрылыс жұмыстары шілде айына дейін аяқталады.  Өйткені, тамыз айында Қарабалық кентінде облыстық  “Тың-Целина”  спартакиадасы өтеді.

Қазірдің өзінде кешеннің сыртқы жұмыстары аяқталды. Спорт кешенінің әкімшілік-тұрмыстық ғимаратына терезелер орнатылды. Төбесі жабылды. Енді нысанның ішкі әрлеу жұмыстары қолға алынған. Мұнда волейбол, футбол, алаңдары, күрес залы орналасады. Нысанға бір миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалмақ.

Сондай-ақ, аудан орталығында бұрынғы “Орталық” стадионын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.  Астаналық “Гарант Строй” ЖШС реконструкциялау  жобасына сәйкес   стадион аумағында жаңа әкімшілік ғимарат салды. Онда ішкі әрлеу жұмыстарын бастау үшін уақытша жылу берілген.  Екі жағында трибуналардың темірбетон жақтаулары тұрғызылған. Мұнда 1400 орындық орнатылады.

Жалпы,  Қарабалық ауданында 11 мыңға жуық адам спортпен шұғылданады. Мұнда бокс, жеңіл атлетика ең танымал. Секцияларда 500-ден астам топ жұмыс істейді. Бұрынғы жаттығу залдары тарлық ететін. Сондықтан, жаңа  дене шынықтыру-сауықтыру кешені  қарабалықтық спортшылар үшін үлкен сый болғалы тұр.

                                                                                                                       Әлібек ЫБЫРАЙ

Қарабалық ауданы

Жаңалықтармен бөлісу