Биыл облыста 33 орман өрті тіркелді

Биыл облыста 33 орман өрті тіркелді

Дер кезінде анықтау мен жедел әрекеттің арқасында өрт шарпыған аумақтың орташа көлемі былтырғы 4,6 гектардан 1,5 гектарға дейін қысқарды. Бұл – орманды қорғау жүйесінің күшейгенін көрсететін маңызды нәтиже.

Дегенмен мамандарды алаңдататын басты мәселе өзгерген жоқ: ормандағы өрттің басым бөлігі даладан таралған жалынның салдарынан туындап отыр.

«Өрт қаупі жоғары кезеңге дайындық жұмыстары жыл сайын күшейтіліп келеді. Биыл да орман қорын қорғауға бағытталған алдын алу шаралары, материалдық-техникалық жарақтандыру және ведомствоаралық өзара іс-қимыл жаңа деңгейге көтерілді.
Облыстың мемлекеттік орман қорының жалпы аумағы 462 мың гектарды құрайды. Оның 208,6 мың гектары орманмен көмкерілген. Орманды қорғау ісімен 11 мемлекеттік орман иеленуші айналысады. Соңғы үш жыл ішінде орман шаруашылығын жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінді. Осы уақыт аралығында сала қызметкерлерінің саны бір жарым есеге ұлғайып, қажетті штат толық қамтамасыз етілді. Материалдық-техникалық базаны нығайтуға 5 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді», – дейді табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Гүлжанат Керібаева.

Нәтижесінде орман мекемелерінің паркі 51 жаңа өрт сөндіру автокөлігімен, 86 трактормен, 36 шағын орман өртін сөндіру кешенімен және 78 патрульдік автокөлікпен толықты. Қазір облыс ормандарын қорғауға барлығы 489 техника жұмылдырылған. Бұл белгіленген нормативтен әлдеқайда жоғары көрсеткіш.

«Өрттің алдын алуда ең маңызды міндеттердің бірі – оны алғашқы минуттарда анықтау. Осы мақсатта әуе патрульдеу жұмыстары күшейтілді. Биыл «Қазавиаорманқорғау» тікұшағының ұшу уақыты 361 сағатқа дейін ұлғайып, өткен жылмен салыстырғанда шамамен 1,6 есеге артты. Сонымен қатар облыста ерте анықтауға арналған 40 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Олар Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің стратегиялық жоспарлау және жедел басқару командалық орталығымен біріктірілген. Бейнебақылау жүйесі 223 мың гектардан астам орман алқабын қамтып, түтін мен өрт ошақтарын бастапқы кезеңінде анықтауға жағдай жасап отыр», – дейді басқарма басшысы.

Орманды жалыннан қорғауда минералдандырылған жолақтардың да маңызы зор. Жыл басынан бері жоспарланған 285,2 шақырымның орнына 320 шақырым минералдандырылған жолақ салынған. Бұдан бөлек 18,2 мың шақырым минералды жолақтарға күтім жасалып, көктемде құрғақ шөпті бақылаумен өртеу жұмыстары жүргізілді.

blank

«Мемлекет басшысы орман алқаптарын кеңейтуді және оларды қорғауды жалпыұлттық басымдықтардың бірі ретінде айқындады. Ормандарды қорғау үшін орман шаруашылықтарының техникамен және кәсіби мамандармен қамтылуына аса назар аударуды тапсырды. Бүгінде облысымызда орман күзетінің кадрлық құрамы күшейтілді. Үш жыл бұрын 825 адам болған, қазір 1 242 адамға дейін немесе 51%-ке өсті. Жұмысшылардың жалақысы 150 мың теңгеден 300 мың теңгеге дейін көтерілді», – деп атап өтті облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Өңір басшысы өттің өздігінен шықпайтынын айтады. Дені адамдардың жауапсыздығынан болады.

«Барлық қызметтердің жедел әрі үйлесімді жұмыстың маңыздылығын тағы да еске саламын. Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы жеке құрам мен барлық техниканың әрдайым дайын болуын тұрақты бақылауда ұстауы қажет. Орман пайдаланушылардың өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауына бақылауды күшейтсін. Қалалар мен аудандардың әкімдері дала өрттерінің таралуына жол бермеу шараларын қабылдасын, минералдандырылған жолақтардың 100% жасалуын және жаңартылуын қамтамасыз етсін. Рұқсат етілмеген ауыл шаруашылығы алқаптарын өртеуге жол бермеу жөніндегі түсіндіру жұмыстарын күшейтсін», – деді өңір басшысы.

Полиция органдары әрбір өрт дерегі бойынша тексеруді соңына дейін жеткізіп, заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылдауы қажет.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев