Биыл облыста тоғыз адам суға кетіп қайтыс болды. Олардың төртеуі кәмелетке толмағандар. Бұл көрсеткіштер өңірдегі судағы қауіпсіздік мәселесінің әлі де өткір күйінде қалып отырғанын аңғартады.
Аптап ыстықпен бірге өзен-көлдерге ағылатындардың саны артқанымен, қарапайым қауіпсіздік ережелерін елемейтіндердің қатары да азаймай отыр. Соның салдарынан өңірде адам өліміне әкелген қайғылы жағдайлар тіркелуде.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, облыс аумағында 8 мыңнан астам су айдыны бар. Соның 226-сы шомылуға тыйым салынған орындар санатына жатады. Ал облыс әкімінің қаулысына сәйкес өңірде ресми түрде 25 жағажай белгіленгенімен, қазіргі таңда олардың 23-і ғана жұмыс істеп тұр. Оның ішінде небәрі 11 жағажай судағы қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келеді, ал қалған 12 демалыс орны қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілмеген.

«Бірқатар жағажайларда балаларға арналған шомылу аймағы, құтқарушы-нұсқаушы, медициналық қызметкер, бақылау мұнарасы және құтқару құралдары жоқ. Ескерту берілгеніне қарамастан, кейбір нысандардың иелері анықталған кемшіліктерді әлі күнге дейін жоймаған. Сонымен қатар, Рудный, Лисаков және Қарабалық аудандарындағы тұрғындар ресми тізімге енгізілмеген коммуналдық жағажайларды пайдаланып жүр. Бұл жағажайлар бойынша жер учаскелерін рәсімдеу жұмыстары әлі аяқталмаған», – дейді Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Назарали Селимов.
Судағы қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін облыстық Төтенше жағдайлар департаменті ауқымды түсіндіру жұмыстарын қолға алған. Білім беру ұйымдарында сабақ, кездесу және нұсқама ұйымдастырылып, оған 22 мыңнан астам оқушы қатысты. Бұдан бөлек, 394 ата-аналар жиналысында 12 мыңнан астам ата-анаға судағы қауіпсіздік талаптары түсіндірілген. Облыстағы алты жүзу бассейнінде 1867 бала жүзу дағдыларын меңгеріпті.
«Күн сайын облыстың ең көп адам жиналатын 74 су айдынында рейдтер өткізіліп, демалыс және мереке күндері кешкі сағат 22:00-ге дейін кезекшілік ұйымдастырылады. Шомылу маусымы басталғалы бері 2 мыңнан астам рейд өткізіліп, 27 мыңнан астам адамға қауіпсіздік талаптары түсіндірілді. Жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстарға қарамастан, биыл 24 мамырдан бастап облыс аумағында суға кетудің 9 дерегі тіркелді. Оның ішінде 4-еуі – кәмелетке толмаған балалар. Ал ресми шомылу маусымы басталған 1 маусымнан бері 7 адам суға кеткен, олардың үшеуі – балалар. Алты адам шомылуға тыйым салынған жерлерде көз жұмса, бір қайғылы оқиға рұқсат етілген жағажайда орын алды», – дейді департамент бастығы.
Қостанай ауданында шомылуға арналмаған қауіпті аумақтарға «Шомылуға тыйым салынады!» деген 44 ескерту белгісін орнатылған. Ата-аналармен тұрақты түрде жиналыс, семинарлар өткізіліп келеді.
«Жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстарға қарамастан, биылғы шомылу маусымында Қостанай ауданы аумағында үш қайғылы оқиға тіркелді. Өткен жылдың осы кезеңінде мұндай 2 жағдай болған. Қаза тапқандардың екеуі облыстың басқа өңірлерінен келген азаматтар. Атап айтқанда, 2026 жылғы 14 маусымда Алтын-Дала ауылындағы Тобыл өзенінде шомылуға тыйым салынған жерде суға түсу салдарынан 1967 жылы туған азамат пен 2020 жылы туған кәмелетке толмаған бала көз жұмды. Ал 1 шілдеде Қостанай ауданындағы «Пристань» демалыс аймағы маңында Тобыл өзенінде 1959 жылы туған азамат суға кетіп, қайтыс болды», – дейді Қостанай ауданының әкімі Олжас Нұрғалиев.
Жітіқара қаласы тұрғындарының қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету үшін Шортанды өзенінің жағасында жалпы аумағы 1500 шаршы метр болатын қалалық жағажай жұмыс істейді. Шомылу маусымы басталар алдында өзен түбі қоқыстан тазартылып, шомылу аймағының шекарасы белгіленген. Қауіпсіздік белгілері орнатылып, балаларға арналған арнайы шомылу орны айқындалған. Жағажайды пайдалану жөнінде жеке кәсіпкер Надежда Бесчастнаямен 2027 жылғы 27 мамырға дейін жалдау шарты жасалған.
«Жағажай аумағында суда өзін-өзі ұстау қағидалары, алғашқы медициналық көмек көрсету тәртібі, жедел қызметтердің байланыс нөмірлері және қауіпсіз шомылу аймақтарының шекараларын көрсететін ақпараттық тақталар орнатылды. Шомылу маусымы кезінде қоғамдық құтқару бекеті күн сайын жұмыс істейді. Онда екі құтқарушы-нұсқаушы кезекшілік атқарады. Сонымен қатар қалада қажетті техникамен және құтқару жабдықтарымен қамтамасыз етілген 14 қызметкерден тұратын құтқару бөлімшесі тұрақты дайындықта тұр. Тұрғындардың қауіпсіз демалыс орындарын көбейту мақсатында Забелов ауылындағы Желқуар су қоймасының жағасында жаңа шомылу аймағын абаттандыру жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жобаны жеке кәсіпкер өз қаражаты есебінен іске асыруда. Қазіргі таңда нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Пайдалануға берілгеннен кейін бұл демалыс орны су айдындарындағы жаппай демалыс орындарына қойылатын барлық қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес болады», – дейді Жітіқара ауданының әкімі Аслан Жаныспаев.
Қостанай қаласында да судағы қауіпсіздік мәселесі ерекше бақылауда. Десекте, биылғы шомылу маусымында қала аумағында екі қайғылы оқиға тіркеліп, бір жасөспірім мен бір ер адам суға кетіп, көз жұмды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен бірдей болғанымен, мамандар қауіптің әлі де жоғары екенін айтып отыр.
«Судағы қайғылы жағдайлардың басты себептері өзгермей отыр. Олар – жабдықталмаған және шомылуға тыйым салынған жерлерде суға түсу, алкогольдік ішімдік ішкен күйде шомылу, жүзе алмау, өз мүмкіндігін дұрыс бағаламау және балалардың ересектердің қарауынсыз су жағасына баруы. Өткен жылдардың тәжірибесін ескере отырып, қаладағы ең көп баратын бейресми шомылу орындары анықталды. Олардың қатарында «Геолог», «Текстильщик», «Дорожник» демалыс орындары, Корей көпірі, Гагарин бөгеті, КЖБИ жағалауы, «Родник» аумағы және Кіші көпір мен «Ақ шаңырақ» демалыс базасының аралығы бар. Осы қауіпті учаскелерге 30 «Шомылуға тыйым салынады!» белгісі орнатылды. Сонымен қатар Қостанай қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы мен полиция қызметкерлері бұл аумақтарды күн сайын жағалау бойымен де, су үстімен де бақылауда ұстап келеді», – дейді Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев.
Балалардың қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлінуде. 1 маусым мен 31 тамыз аралығында Қостанай қаласындағы 37 мектептің базасында 156 жазғы мектеп жанындағы алаң жұмыс істейді. Жазғы демалыс кезінде балаларға арналған «Қауіпсіздік аумағы» жобасы аясында судағы, жолдағы, тұрмыстағы және қоғамдық орындардағы қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, төтенше жағдай кезінде әрекет ету тәртібі үйретілуде.
«Жоспарға сәйкес оқушылар су айдындарына экскурсияларға барып, мамандардан қауіпсіздік талаптары жөнінде тәжірибелік түсіндіру алады. 1 маусым мен 13 шілде аралығында 1842 балаға судағы қауіпсіздік қағидалары түсіндіріліп, әрқайсысымен жеке профилактикалық әңгіме өткізілді. Қала әкімдігі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «Жастар Рухы» қоры арқылы тұрғындарды алғашқы медициналық көмек көрсетуге үйрететін «Алғашқы көмек» жобасын жүзеге асыруда. Шілде мен қазан айлары аралығында ірі кәсіпорындарда оқыту тренингтері өткізіліп, қалалық жағажайда, «Лесопарк», «Мохито» демалыс орындарында және Kostanay Plaza сауда ойын-сауық орталығында тақырыптық акциялар ұйымдастырылады. Жалпы 5 акция және 35 оқу тренингі жоспарланған», – дейді Марат Жүндібаев.
Қалада шомылу маусымы басталғалы бері судағы қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін 30 азаматқа ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылған. Бұдан бөлек, жағажайларда қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішкені үшін 50-ден астам адамға қатысты ӘҚБтК-нің 440-бабы бойынша әкімшілік шара қолданылып отыр.
Су айдындарындағы қайғылы оқиғалардың негізгі себептері – ата-аналардың балаларды қараусыз қалдыруы, алкогольдік ішімдік ішкен күйде суға түсу және азаматтардың өз мүмкіндігін дұрыс бағаламауы.

«Балалар суға тек ата-анасының немесе ересек адамның тікелей бақылауымен түсуі тиіс. Егер кәмелетке толмаған баланың су жағасында ересектердің қарауынсыз жүргені анықталса, ата-анасы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылады. Бұл құқық бұзушылық үшін 7 айлық есептік көрсеткіш (30 275 теңге) мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Биылдың өзінде осындай заң бұзушылыққа жол берген 97 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды (2025 жылы – 130). Жаз – тек демалыс мезгілі ғана емес, ересектердің жауапкершілігі арта түсетін кезең. Балалардың өмірі мен денсаулығы ең алдымен ата-аналардың қырағылығы мен қамқорлығына байланысты. Сондықтан әрбір ата-ана қауіпсіздік талаптарын сақтап, балаларын бір сәтке де қараусыз қалдырмауы тиіс», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Өңір басшысы тыйым салынатын белгілердің жеткіліксіз екенін айтады. Яғни, тағы 217 белгі орнату қажет. Құмар Ақсақалов жергілікті атқарушы биліктің міндеті белгілерді орнатып, ескерту болғанымен, әр азаматтың тағдыры өз қолында екенін жеткізді. Былтыр қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін 205 адам жауапкершіліке тартылған. Ал осы жылы маусым басталғалы бері 188 адам жауапкершілікке тартылды.
«Соңғы үш жылда құтқару қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 1 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Бүгінде құтқарушылардың қарамағында 35 арнайы автокөлік, 21 жүзу құралы, 30 сүңгуір жабдығы, 97 байланыс құралы және 30 құтқару жабдығы бар. Сонымен қатар Қостанай қаласындағы Тобыл өзенінің жағалауында орналасқан су-құтқару станциясының ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді. Соның нәтижесінде төтенше жағдайларға ден қоюдың жеделдігі мен мобильділігі айтарлықтай артты. Басты мақсат – тұрғындар арасында табиғат аясында қауіпсіз демалу мәдениетін қалыптастырып, су айдындарындағы жазатайым оқиғалардың санын азайту», – дейді өңір басшысы.
Облыс әкімі осыған байланысты мүдделі мемлекеттік органдарға бірқатар міндет жүктеді. Атап айтқанда, су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын және арнайы жабдықталған шомылу орындары туралы ақпаратты тұрғындарға тұрақты түрде түсіндіру, рұқсат етілмеген жерлерде шомылу мен су жағасында алкогольдік ішімдік ішу деректерінің алдын алу үшін рейдтер мен патрульдеу жұмыстарын күшейту.
Қостанай облысы әкімдігінің Білім басқармасына мектеп жанындағы және сауықтыру лагерлерінде балаларға судағы қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңызын кеңінен түсіндіріп, жабдықталмаған орындарда шомылуға болмайтынын тұрақты түрде насихаттау тапсырылды. Қала және аудан әкімдеріне, ресми шомылу орындарының қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес болуын қамтамасыз ету, су айдындарындағы тыйым салатын және ескерту белгілерінің сақталуын тұрақты бақылауда ұстау міндеті жүктелді.
Сондай-ақ Рудный, Лисаков және Қарабалық ауданы әкімдіктеріне коммуналдық жағажайларды ресми шомылу орындарының тізбесіне енгізу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтау тапсырылды.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттедрі түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
