«Біртұтас тәрбие»: білім мен ұлттық тәлім қоса беріледі

«Біртұтас тәрбие»: білім мен ұлттық тәлім қоса беріледі

Жаңа оқу жылынан бастап барлық орта білім беру мекемелерінде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы жаңа мазмұнда оқытылып жатыр. Оның ерекшелігі – биылдан бастап барлық пәнді оқытуда мұғалімге баланың бойына біліммен қатар ұлттық тәрбиені қоса беру міндеттелді.

Облыстық білім басқармасы «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында 2024-2025 оқу жылына арналған жаңа жоспарды бекітті. Бүгінгі таңда барлық ұстаз оқушылардың бойына ұлттық мүддені сіңіре отырып білім беруді  бастап кетті. Атап айтсақ, «Күй күмбірі», «8 минуттық оқу», «Үнемді тұтыну», «Ұлттық ойын – ұлт қазынасы», «Өнегелі 15 минут» сынды оқыту шаралары күнделікті өткізіледі. Оған қоса, аптаның әр күні  «Әдеп күніне»,  «Денсаулық күніне»  «Ұлттық құндылықтар күніне» арналады.

Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен 200-ден астам педагог «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының жаңартылған мазмұны бойынша оқудан өткен. Жақында өңірімізге ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Карин жұмыс сапарымен келіп, мектеп директорларымен кездесті. Жүздесу барысында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының жүзеге асырылуын педагогтармен бірлесіп талқыға салды. Бұл жиынға Ы.Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының директоры Ырысалды Келінбердиева да қатысқан болатын. Бүгінгі сұқбат «Біртұтас тәрбиенің» өзектілігіне арналады.

– Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтай кеңесінде берген тапсырмасына сәйкес «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы биылғы оқу жылында қайта жаңартылып, мазмұны да өзгерістерге ұшырады. Әңгімемізді осы жайында бастасақ.   

– Биылдан бастап «Біртұтас тәрбие» бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, барлық мектептерде жүзеге асырылуда. Қазіргі қоғамда оқушылардың арасында көптеген вейб, лудомания қатарлы мәселелер туындап жатыр. Сондай жат қылықтардың алдын алу мақсатында бағдарлама ұлттық құндылықтарға бағытталған. Жалпы, былтырғы бағдарламада үш құндылық болса, биыл алты құндылыққа негізделгенін айта кету керек. Мемлекеттік кеңесшімен болған кездесуде бағдарламаның тиімділігі туралы, қалай жүзеге асырылуда, бағдарламаны жүзеге асыру бағытында қандай қиындықтар туындады деген сұрақтар көтерілді. «Біртұтас тәрбие» жүйесін стратегиялық маңызды құжаттардың бірі деп айтуға болады. Себебі, біз осы тәрбие арқылы, тек қана мектеп емес ата-ана, білім ошағы үштік болып, болашақ ұрпақты тәрбиелейміз.

Бұл өзгеріс – биылғы жылы қабылданған бағдарламаның басты ерекшелігі. Ол Қазақстанның барлық мектептеріне бірдей деңгейде қолданылуда. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының қазіргі білім беру жүйесі үшін өзектілігі мен маңыздылығы жоғары. Бағдарлама қазіргі әлемнің сын-қатерлеріне дайын және өз елінің дамуына елеулі үлес қоса алатын азаматтардың жаңа буынын қалыптастыруға бағытталған. Бұл тек жүйелі және осы құндылықтарды тек біркүндік ақция ғана емес, жүйелі түрде қалыптастыру. Өздеріңіз байқаған шығарсыздар, сабақ арасындағы үзіліс кезінде, күй ойналады. Яғни, ол да ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу болып есептеледі. Қазақ мектебі болған соң бізге қалыпты жағдай сияқты көрінгенімен, бірақ, аралас мектептер үшін өте маңызды. Ұзақ үзіліс кезінде оқушылар күнделікті күй тыңдайды. Биыл өзгеріс болған соң, сіздің алдыңызда тәрбие ісі жөніндегі орынбасарымен сөйлестім, бала тек күй тыңдап қана қоймай, оларға күйдің тарихы туралы ақпарат берілу керек. Оның авторы кім, маңызы неде? Бала тек тыңдап қана емес, оны түсіну керек. Қазір осындай тәрбиелік мәні бар іс-шараларды қолға алып жатырмыз. Мысалы, үзіліс арасында ұлттық ойындар ойнатуды да қолға алдық.

Қазір ысырапшылық өте көп. Электр энергиясы, суды тиімді пайдалану сияқты экологиялық мәселелер. Мәселен, күнделікті сынып сағаттарында осы мәселені қозғау аса маңызды. Ата-аналар жиналысында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын таныстырып, ұсыныс тастадық. Бәріміз де жұмысбастымыз, біздің уақытымыз кейде бола бермейді. Кейде баламды кафеге, киноға апарсақ, сол жеткілікті деп ойлаймыз. Бірақ, шын мәнінде ата-анамен баланың арасында күн сайын жылы қарым-қатынас орнау керек. Ата-аналардан «Балаларыңызбен не туралы сөйлесесіз?» деп сұрадық. Сонда олардың: «Сабағыңды қалай оқыдың?», «Қандай баға алдың?» деп сұраймыз» деген жауаптарды естідік. Шын мәнінде баламен қоғамда болып жатқан түйткілді мәселелер төңірегінде ашық сөйлесу керек. Адамгершілікке байланысты әңгімелерді жиі айтып отыру қажет. Міне, мұның бәрі осы бағдарламада көрініс табады.

Мәселен, зорлық-зомбылық қайдан туындайды? Бала оны сыртта естиді, ақпарат көздерінен көреді. Мейлі, үйінде жақсы тәрбие алған бала болсын, бірақ біз оған көңіл бөлмейміз. Бірақ, қазіргі кезде балаға сыртқы әсер етуші факторлар көп. Соған еліктеуі, еруі мүмкін. Сондайды болдырмас үшін ай сайын, күн сайын «Өнегелі 15 минут» деп аталатын құндылық бар. Біздің мектепте апта сайын қауіпсіздік жөніндегі сабақтар өтеді. Бұрында бопсалау 9 сыныптар арасында болған болса, қазір бастауыш 4-5 сынып оқушылары арасынан шығып жатыр. Осы мәселеге байланысты тәрбиелік мәні бар шараларды күшейттік.

Қыркүйек айында осы құзыреттілікке байланысты іс-шара ұйымдастырылады. Бұл сыныптан тыс іс-шара. Біз мектепішілік шараларға ата-аналарды жиі тартуға тырысып жатырмыз. Мәселен, балаға өзінің отбасы жайлы эссе жазуға тапсырма береміз ғой. Бала бір өзі жазса, оның әсері басқаша. Ал, ата-анасымен бірге жазса, сурет салса, оның әсері мүлде өзгеше болады. Жаңартылған «Біртұтас  тәрбие» бағдарламасының маңызы осында.

– Мемлекеттік кеңесшімен өткен кездесуден не түйдіңіз? Қандай ұсыныстар айттыңыздар?

– Жалпы бұл отырыста тәрбие мәселесі тек мектептікі ғана емес, біздің Үкіметіміздің проблемасы екендігін түсіндім. Мысалы, Ерлан Қарин осы бағдарлама қалай әзірленгендігі, не себептен мазмұны жаңартылғаны туралы айтып берді. Кездесуде осы бағдарламаны жалпы құр қағаз бетінде қалып қоймай ма, оны жүзеге асырудың қандай тиімді тұстары бар, қандай тиімсіз жағы бар деген мәселелер де қозғалды. Біздердің пікірлерімізді сұрады. Бұл бағдарламаны былтырдан бастап іс-жүзеге асырып жатырмыз. Оған дейін біздің облысымызда «Үндестік» деген бағдарлама жобасы жүзеге асырылуда. Онда біз ата-аналармен іс-шара өткізетінбіз. Міне, осы іс-шара бір-біріне өзара жақын деп айтуға болады.

Әр мектеп, мысалы Федоров мектебінің директоры еңбек мәселесіне баса мән береді екен. Өзіміз оқушы болған кезде сенбілікке шығатынбыз. Есік алдын жинаймыз, аула, мектеп бақшасына гүл егеміз. Қазіргі таңда өкінішке қарай оқушыларды біз тек ата-ананың рұқсатымен ғана жұмысқа тартамыз. Сол мәселені көтердік.  Себебі, Жапонияны білесіз ғой, баланы бірінші сыныптан бастап еңбекке баулиды.

– Өзіңіз басшылық ететін білім ордасындағы ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін үйірмелер жайында айта отырсаңыз.

– Бізде интернат болғандықтан, онда балалар дүйсенбіден бастап келеді. Сенбіге дейін осында болады. Ауыл балалары каникул кезінде ғана үйіне барады. Бізде қыз бала, ер бала тәрбиесіне байланысты клубтар бар. Мысалы «кукинг клаб» деген клуб бар. Онда ата-аналар мен қыз балалар бірігіп тамақ пісіруді үйренеді. Әкелер клубы бар, мақсат – әкелерді ұл бала тәрбиесіне тарту. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптейміз. Әке тек өзі білетін күнделікті кәсіпті үйрету керек. Мысалы, әкесімен бірге қамшы жасау. Оның әсері бөлек. Оның сыртында ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында әжелер клубы бар. Қазіргі таңда кейбір аналар  құрақ құруды білмейді. Білгеннің өзіңде сол құрақтардың мағынасын да айта алмайды. Мысалы, сол бағытта да да жұмыстар жүріп жатыр. Бала тәрбиесіндегі отбасы институты рөлін нығайту мақсатында білім беру ұйымдарындағы «Ата-аналар мектебі», «Әкелер мектебі», «Аналар мектебі», «Әжелер мектебі» жобалары жаңа мазмұнда жалғасады.

– «Біртұтас тәрбие» бағдарламасынан не күтеміз?

– Мен ойлаймын, бұл бір күндік, бір жылдық жоба емес, жоғарыда айтып өткенімдей, 5-сыныпта келіп, 11-сыныпта азамат болып қалыптасқан кезде ғана жемісін көреміз ғой. Оған уақыт керек. Ол бірнеше жылдық еңбек, тәрбие болуы тиіс. Ол тек мектеп ғана емес, ата-ана жағынан да болуы тиіс. Қандай жағдай болса да мектепті кінәлау оңай. Жалпы, ата-ана мектеппен бірігіп жұмыс істеуіміз қажет. Мәселен, бұл бағдарлама ертең қағаз жүзінде қалып қоймай ма деген сұрақ қойылды. Олай қалуға тиіс емес. Біз балалармен бірге жұмысты жалғастыра береміз. Мұғалімдермен бірлесіп, талдау жүргізу керек. Қалай жасасақ тиімді болады? Мақсатымыз – орындау емес, балаға тиімді жағынан жүзеге асыруымыз керек қой. Мысалы, ата-аналарға да келіңіз, қатысыңыз деп емес, оларға да таңдау беруіміз керек.

Әңгімеңізге рақмет! Білімді де, тәрбиелі шәкірттеріңіз көп болсын!

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

 

Жаңалықтармен бөлісу