Бірлік күні: басқа ұлт өкілдері қалай қабылдайды?

Бірлік күні: басқа ұлт өкілдері қалай қабылдайды?

Қазақстанда көптеген ұлттың өкілдері тұрады. Елімізде әр түрлі ұлттардан құралған отбасылар мамыражай тірлік кешуде. Қостанай қаласындағы түрлі ұлт өкілдерінің 1 мамыр — Бірлік күніне деген көзқарасы туралы сауалнама жүргізген едік.

Ольга ВИКТОРОВНА,
Орыс ұлтының өкілі:
— Ұлтына, дініне қарамастан халықтар достығы мерекесін тойлауды тамаша деуге болады. Себебі 1-ші мамыр ерекше күн. Маған бұл күн өте қатты ұнайды. Мерекелік дастархан басында кездесіп, бешбармақ сынды ұлттық тағамдардан дәм татамыз. Қазақ елінің дәстүрі мен ұлттық болмысы, тағамдары да ерекше.

Алексей ТААХ,
Неміс ұлтының өкілі:— Мәні мен маңыздылығы жоғары мереке 1996 жылдан бастап тойланып келеді. Менің ойымша, бұл мерекенің еліміздің халқын біріктіруге қосқан үлесі зор. Себебі еліміз көп ұлтты мемлекеттің қатарына жатады. 150-ден астам ұлт өкілдері шоғырланған. Мен де көк аспанында қыраны қалықтаған, тәуелсіздіктің әнұраны шарықтаған елде тұрғаныма қуаныштымын!

Эркиной ШАРАИМОВА,
Өзбек ұлтының өкілі:— 1-ші мамыр — Бірлік күнімен барлығын құттықтаймын. Бірлік күні қарсаңында Қостанай қаласындағы Аэропорт шағын ауданында болдық. Өткізілген іс-шара жоғарғы деңгейде, керемет өтті. Ұнады. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Алина ГРОЗНЫХ,
Орыс ұлтының өкілі:— Барлық мерекелердің арасында ерекшесі — 1 мамыр деп санаймын. Осыншама ұлттарды бір шаңырақ астында біріктіріп отырған Қазақстаныммен мақтанамын. Себебі елімізде тыныштық пен жайлы үйлесімділік салтанат құрған. Бірлігіміз мәңгі болсын!

Сауалнаманы жүргізген Бибіт МИРАМҰЛЫ.

Жаңалықтармен бөлісу