Қостанайлықтар да ұлттық ойындар челленджіне атсалысты

Қостанайлықтар да ұлттық ойындар челленджіне атсалысты

Орта білім беретін оқу орындарының ҚР Оқу-ағарту министрлігі бекіткен “Төрт өнер – төрт тоқсан” атты тұжырымдама бар. Соған байланысты әр тоқсан әртүрлі тақырыптарға арналып отырады. Мәселен, жаңа оқу жылының алғашқы тоқсанын Қостанайдағы 28 – орта мектебі ақындар айтысына арнады. Ал, осы екінші тоқсан “Алтын сақа” деп аталды. Министрлік нұсқаған “Тоғыз айда тоғыз іс-шара” тұжырымдама аясында да көптеген іс-шаралар науқаны қолға алынуда. Ай сайын белгілі бір күнде тура сағат түскі он екіде республиканың барлық білім беру ұйымдары республикалық челенджге қатысады.

Бүгін аталған білім ордасы асық ату ойынын алып шықты.

Асық ату федерациясының облыстық филиалының төрағасы Кәрішал Төлегенұлының қолдауымен қалаға жақын маңдағы асыққа қызығушылығы бар балаларының басын қосып облыстық турнир өткізді.

“Еліміздің әр жерінде осындай челлендждер өткізіліп жатыр. Осыған қосқан үлесіміз ретінде арнайы 2007-2008 жылы туған асықшыларды жинадық. Оның ішінде Қазақстан чемпиондары бар. Солармен бірге Қостанай облысының гран-при жарысын ұйымдастыруды қолға алдық. Бүгінде облысымызда нәтиже жаман емес. Қыздар арасында Азия чемпиондары, әлем кубогінің иегерлері бар”, – дейді Кәрішал Төлегенұлы.

Қанат осы челленджге арнайы Рудный қаласынан келіп қатысы. Бес жасынан асық иірген бозбаланың облысымыздың беткеұстар чемпионы деген атағы да жоқ емес. Үйінде екі жүз асығы бар.

Ал Сардарды асық атуға әкесі баулып келген. Әуесқой спортшы орта мектептің үшінші сыныбында оқиды.

“Асық ату бабадан келе жатқан дәстүр деп әкем айтып жүр. Сол айтқанын бірден жаттап алдым. “Мергендікке, адамды сыйлауға үйретеді” дейді әкем. Айтқанының бәрін тыңдап жүрмін. Өскенде спортшы боламын”, – дейді Сардар Санай.

Айтпақшы 24-бастауыш мектеп те бұл дәстүрді құр жіберіп қарап отырған жоқ. Бастауыш төрт сыныптан төп топқа бөлініп, бәйге, эстафеталық жүгіру, омпы, бес асық, теңге алу ойындарын ойнап, арқан тартысты.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суреттерді түсірген Бейбіт Мейрамұлы 

Жаңалықтармен бөлісу