Бір әулеттің еңбек жолы – бір зауыттың тарихы

Бір әулеттің еңбек жолы – бір зауыттың тарихы

Өндірістің тынысын ішінен сезіну үшін зауытта бірнеше жыл еңбек ету аздық етеді. Ал оның қалыптасуы мен өркендеуін өз көзімен көріп, сол үдерістің бір бөлшегіне айналу – кез келген маманға бұйыра бермейтін мүмкіндік. Бекежан Шопанов үшін зауыттағы еңбек жолы осындай үлкен мектепке айналды. Бүгінде оның өзі, жұбайы мен ұлы бір кәсіпорында еңбек етіп, өндірістің әртүрлі буынында ортақ іске үлес қосып келеді.

Бекежан Төлеуұлының зауытқа 2018 жылы орналасқан. Кәсіпорынға келуіне осы жерде жұмыс істеген інісінің кеңесі себеп болған. Ол кезде інісі әскер қатарына шақырылып, өзінің жұмыс орнын босатқан екен. Осылайша Бекежан Шопанов зауыттағы еңбек жолын слесарь болып бастайды.

Бұған дейін бірнеше жыл жеке автокөлік жөндеу орталығында жұмыс істегендіктен, техниканың тілін жақсы білетін. Дегенмен ірі өндіріс орны оған жаңа тәжірибе мен тың білім берді. Жұмысқа жауапкершілікпен қарап, кәсіби шеберлігін жетілдірген маман арада небәрі алты ай өткенде бригадир болып тағайындалады. Ал тағы бір жылдан кейін көлік құрастыру цехының ірі торапты жинақтау желісінің шебері қызметіне көтеріледі.

blank

«Зауытқа келген кезім кәсіпорынның қалыптасу кезеңімен тұспа-тұс келді. Өндірістің өскенін, көлемнің артқанын, жұмыс жағдайларының өзгеріп, жақсарғанын өз көзіммен көрдім. Осы үдерістің ішінде жүріп, өзім де көп тәжірибе жинадым», – дейді Бекежан Төлеуұлы.

2025 жылы оған ЦМУС-2 учаскесінің УВСП шебері қызметі ұсынылады. Бұл жұмыста маман өндіріс сапасының талапқа сай болуын қамтамасыз етіп, қызметкерлердің жұмысын ұйымдастырады әрі технологиялық үдерістің сақталуын бақылайды. Яғни шебердің жұмысы конвейердегі әрбір кезеңнің жүйелі жүруіне тікелей байланысты.

blank

Бекежан Шопановтың зауытпен байланысы тек өзінің қызметімен шектелмейді. Оның кеңесімен жұбайы Ләйла Камиялқызы да 2021 жылдың сәуір айында кәсіпорынға жұмысқа орналасқан. Алғашында КТУ-да техник-архивші қызметін атқарған ол құжаттармен, сызбалармен жұмыс істеп, кәсіпорынның қалыптасуы мен даму тарихын сақтауға өз үлесін қосты.

blank

Өндіріс көлемі ұлғайып, құжаттар саны артқан сайын архив жұмысының да ауқымы кеңейді. Осыдан кейін жұбайы архив меңгерушісі қызметіне ұсынылды. Бүгінде оның еңбегі кәсіпорынның өткені мен бүгінін жалғап тұрған маңызды бағыттардың бірі.

«Жұбайымның жұмысы да біз үшін ерекше маңызды. Біз өндірісте атқарылған жұмыстардың құжаттары мен тарихының сақталуына жауапты бөліммен байланысты болғандықтан, үйде де жұмыс барысындағы кейбір мәселелерді талқылап отырамыз», – дейді Бекежан Төлеуұлы.

Кейін зауытқа отбасының үшінші мүшесі – ұлы Рамазан да келеді. 2024 жылдың қыркүйегінде еңбек жолын Бюро техникалық бақылауында бақылаушы болып бастаған жас маман көп ұзамай кәсіби бағытында өсе бастайды. 2025 жылдың шілдесінен өнім аудиті бөлімінде сапа жөніндегі инженер қызметін атқарды. Ал 2026 жылдың шілдесінен бастап сапаны қамтамасыз ету бөліміндегі GSIP/QLS жүйелік әкімшісі қызметіне ауысты.

Бұл жүйелер кәсіпорындағы барлық цехтар мен бөлімшелердің жұмысына, сапа көрсеткіштерін енгізу мен бақылауға байланысты. Осылайша әке мен бала тікелей автомобиль өндірісімен айналысса, анасы сол өндірістің құжаттық тарихын сақтап, үштаған бір еңбек үдерісінің әр буынында жүр.

«Біздің мамандықтарымыз өзара тығыз байланысты. Мен ұлыммен бірге автомобиль өндірісінде жұмыс істейміз, ал біздің жұмысымызға қатысты ақпарат пен құжаттардың бір бөлігі кейін жұбайымның бөліміне түседі. Сондықтан зауыттағы жағдайларды үйде де жиі талқылаймыз. Кейде отбасылық дастархан басындағы әңгімеміздің өзі өндірістегі жаңалықтарға ұласып кетеді», – дейді Бекежан Шопанов.

Зауыттағы еңбек жылдары Шопановтар отбасына ортақ кәсіби құндылық қалыптастырған. Отбасындағы дәстүрдің бірі – кәсіби мерекені бірге атап өту. Бұл күні олар бас қосып, зауыттағы қызықты оқиғаларды еске алады, әрқайсысының еңбек жолындағы есте қалған сәттерін ортаға салады.

Бір кәсіпорында бір отбасындағы үш адамның еңбек етуін қалыпты дүние деуге келмес. Бұл – ортақ іске деген сенімнің, еңбекті бағалаудың және кәсіби сабақтастықтың көрінісі. Әкенің тәжірибесі ұлға бағыт берсе, анасының еңбегі сол өндірістің тарихын сақтап келеді.

«Әріптестеріме, әсіресе жастарға айтарым – өз еңбектеріңді құрметтеңдер. Машина жасаушы – жай ғана мамандық иесі емес, ол – жасампаз адам. Біз елдің алға жылжуына қажет дүниені жасаймыз. Сондықтан өз ісіңе жауапкершілікпен қарау – ең басты міндет», – дейді кейіпкеріміз.

Бекежан Шопановтың сегіз жылдық еңбек жолы мен оның отбасының кәсіпорындағы қызметі – бір зауыттың дамуын бір отбасының тағдырымен сабақтастыратын өнегелі мысал. Өндіріс өскен сайын маман да шыңдалды, кәсіпорын кеңейген сайын отбасының еңбек жолы да жалғасын тапты. Бүгінде Шопановтар әулеті үшін зауыт – тек жұмыс орны емес, кәсіби тарихы мен отбасылық дәстүрлері тоғысқан ортақ еңбек мекені.