Қаржылық сауаттылықты ересек жаста қалыптастыру кеш болуы мүмкін. Тиын-тебенге деген көзқарас бала кезден қалыптасады. Қалтасындағы қаражатты жоспарлау, қажеттілік пен қалаудың айырмашылығын түсіну, жинақ жасаудың мәнін білу – қарапайым көрінгенімен, болашақта маңызды шешімдер қабылдауға негіз болатын дағдылар.
«Еуразиялық банк» АҚ Қостанай филиалының директоры, қаржыгер Қырмызы Жаңбыршина қаржылық сауаттылықты мектеп жасынан бастап қалыптастырудың маңызын атап өтті.
«Қаржылық сауаттылықты мектеп жасынан бастап үйрету қажет деп ойлаймын. Оны негізгі пән болмаса да, қосымша сабақ ретінде енгізіп, қаржы саласының мамандарын мектептерге шақырып, балаларға ақшаны дұрыс басқарудың қарапайым негіздерін үйретуге болады. Жасөспірім табысы мен шығынын жоспарлап, ақшасын тиімді бөлуді жастайынан меңгерсе, бұл дағды кейін өз қаржысын сауатты басқаруына негіз болады. Тапқан қаражатын тек күнделікті қажеттілікке емес, өз дамуына, біліміне және болашағына бағыттауды үйренеді. Қаржылық сауаттылық – бүгінгі балаға емес, ертеңгі азаматқа берілетін маңызды дағды», – дейді қаржыгер.
Оның пікірінше, ересектер де қаржы өнімдерін пайдаланбас бұрын негізгі сұрақтарға жауап бере алуы керек. «Депозиттің қандай түрлері бар? Қай банктен депозит ашқан дұрыс? Депозиттерге кепілдік беру жүйесі қалай жұмыс істейді? Несие аларда қандай талаптарға назар аудару қажет?» деген сауалдардың жауабын білу – қаржылық сауаттылықтың бір көрінісі.
Қырмызы Сапарқызының айтуынша, несие берілді екен деп, құжатқа бірден қол қоя салу дұрыс емес. Қарыздың пайыздық мөлшерлемесімен қатар, оның жалпы құнын, ай сайынғы төлемін және отбасы бюджетіне түсетін салмағын алдын ала есептеу қажет.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
