Бүгінде адам капиталы деп жүргеніміз – білімі, қабілеті, тәжірибесі, даналығы, іскерлігі астасқан, бәсекелестік замандағы тұлғаның кәсіби құндылығы. Енді, білім экономикалық категорияға айналды, ақшалы адам емес, білімді адамның мәртебесі жоғары болады. Осы орайда оқу-ағарту саласында табанды еңбек етіп жүрген Байкеновтерді үлгі етсек артық емес. Ұстаздар отбасы Аманкелді ауданына қарасты Үрпек ауылында тұрады.
Отағасы Жанкелді Байкенов Жаңа ауыл жалпы білім беретін мектебінің музыка пәнінің ұстазы. Ал, жұбайы
Жұмабике Амантайқызы аталмыш мектепте орыс тілі пәнінің мұғалімі. Мәншүк есімді қыздары да осы салада, информатика пәнінен сабақ береді. Үлгілі отбасы білім берудің жаңа бағыттары мен енгізілген жаңашыл әдістерді игеріп, оны шәкірт бойына сіңіруде алдыңғы қатарда жүр. Ұжымына сыйлы, мақтаулы.
– Ұстаздың басты міндеті – саналы ұрпақ тәрбиелеу жолында аянбай жұмыс істеу. Менің де осы ұстаздық саласында қызмет істеп келе жатқаныма отыз жылдан асты. Бұрынғы және қазіргі білім беру жүйесінің көздейтіні – адами капиталды сақтау. Себебі адамға байланысты құндылықтар әрқашан да бірінші орында тұруы керек. Біздің бүгінгі сабақ беруіміз де тура солай. Шәкірт мүддесі, оның бойындағы қарым-қабілеті мен құндылығы әуелгі орында. Мен сыныптарда деңгейлеріне сәйкес «Атпен серуендеу», «Айтыс өнері», «Музыка және сәулет өнері» секілді тақырыптармен ашық сабақ өткіземін. Бұл, әрине, мектептің арнайы жүйесі бойынша өткізілуі керек сабақтар десек болады. Дей тұрғанмен, баланың бойындағы құндылықты дамыту үшін «Күй көтерер көңілдің көк жиегін», «Күй атасы – Құрманғазы», «Әуенді тап» деген сыныптан тыс іс-шараларды да қолға алып, өткізіп келемін. Жалпы, адам капиталы дегенде ұлттық құндылықтар да ұмыт қалмауы керек, – дейді Жанкелді Байкенов.
Елдегі жастардың сапалы білім алып, өмірден өз жолын табуы, қоршаған ортаға тез әрі тиімді түрде бейімделуі білімнің арқасы. Білімді адам ғана қоғамды алға сүйрейді. Жұмабике Амантайқызының пікірінше, әр маман өзін жан-жақты дамытып отырғаны жөн, олай болмаса кәсіби құндылық ұғымы қалыптаспайды.
– Республикамызда білім берудің мазмұны жаңарып, салада жаңаша көзқарас, серпінді бетбұрыс пайда болды. Осыған орай мұғалім алдында оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жаңартып отыру және жаңа технологияларды меңгеріп, оларды тиімді қолдану міндеті тұр. Сондықтан, сабақтарымда ақпараттық технологияларды кеңінен қолдана отырып, оқушылардың пәнге деген махаббатын оятып, қызықтыруға тырысамын. Сабақ беру кезінде қолданатын әртүрлі әдіс-тәсіл мен технологиялар нәтижесін беретініне бірнеше рет көз жеткіздім. Олар баланың жеке қасиетін аша отырып, оның танымдық қабілетін қалыптастырады. Сонымен қатар, білімін кеңейтуге, тереңдетуге жағдай жасайды. Пән мұғалімі ретінде үнемі білімімді жетілдіріп, арнайы курстарға қатысып, әріптестеріммен тәжірибе алмасамын, – дейді Жұмабике Амантайқызы.
Соңғы кезде ауыл мен қала мектептерінің айырмашылығы жер мен көктей екені жиі айтылып жүр. Осыған мән беретіндер көбейген. Бұл ретте ауыл мұғалімінің жағдайын ескеріп қойған жөн секілді. Бүгінгі оқушының толыққанды білім алуына мүмкіндік жасау арқылы, бәлкім, адами капиталды дамытудың екінші кезеңі туралы сөз айта беруге болар.
– Ауыл, қала мектептерінің айырмасы бары рас. Дамитын қоғамда білімді адам бірінші орында тұруға тиіс. Сондықтан, алдағы уақытта бұл бағыттағы мәселелер шешімін табады деп сенемін. Мұғалім педагогикалық ізденіспен озық технологиялардың әдіс-тәсілдерін аса жоғары талғаммен қолдана білуге тиіс. Оқушылар алған білімімен келешекте белгілі бір мәдени ортада өмір сүруі үшін, яғни тез бейімделе алуы арқылы сауаттылыққа қол жеткізеді. Әрбір сабақты өту барысында шынайы өмірмен ұштастыру оқушылардың функционалдық сауаттылықтарын және келешекте мамандықтарын дұрыс таңдауына әсер етеді. «Сабақ беру – үйреншікті жай шеберлік емес, ол үнемі жаңаны табатын өнер» деп бес арысымыздың бірі Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, ұстаз әрқашан сабақты қызықты, түрлендіріп өткізуі керек. Сонда оқушылардың пәнге қызығушылығы артып, өз беттерінше ізденіске ұмтылады. Нәтижесінде құндылықтарды, адами капиталды дамытуға зор мүмкіндік туады, – дейді Мәншүк Жанкелдіқызы.
Бейбіт НҰРМҰХАНОВ.
Аманкелді ауданы