«АМАNАТ» партиясы Қостанай облыстық филиалы жанындағы Білім және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті.
Кеңес өз жұмысын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылаудан бастады.
Кеңес төрағасы Татьяна Булгацевич кіріспе сөзінде Жолдаудың негізгі бағыттарына тоқталды. Ол Жолдауды Президентіміздің реформаторлық бағытының жүйелі әрі қисынды жалғасы екенін, оның қоғам сұранысына ие екенін, өйткені онда елімізде жылдар бойы қордаланып қалған жүйелік мәселелерге: инфрақұрылымның тозуы, электр қуатының тапшылығы, су мен газ, агроөнеркәсіп секторының проблемалары, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, цифрландыру, отандық кәсіпорындарды қолдаудың жеткіліксіздігі сияқты мәселелердің шешімі белгіленгенін алға тартты.
Татьяна Борисовна әлеуметтік мәселелерге де тоқталып, ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеге дейін көтеру, республикада және облыста мектептер мен ауруханалар салу, еңбек қауіпсіздігі мәселелері туралы ойын ортаға салды.
Отырыста мектепке дейінгі білім беру жүйесін дамыту мәселелері қаралды. Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының басшысы Айман Ибраева екі негізгі мәселені атап өтті: мектепке дейінгі ұйымдардағы кезек пен мектепке дейінгі ұйымдарды аттестаттау. Талқылау нәтижесінде аталған мәселелерді шешу жөнінде нақты ұсыныстар айтылды.
Іс-шара барысында Қостанай облысында сапалы медициналық көмектің қолжетімділігі мәселесі де қаралды. Медициналық қызметкерлердің, дәрігерлердің, медбикелердің, фельдшерлердің жеткіліксіздігі үлкен мәселелердің бірі болып қала беретіні сөзсіз.
Кеңес мүшелері барлық мәселелерді белсенді түрде талқылап, шешу жолдарын ұсынды. Сонымен қатар, кеңес мүшелері Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген негізгі бағыттарды халықпен түсіндіру жұмыстары барысында насихаттайтын болады.
«АМАNАТ» партиясы ҚОФ баспасөз қызметі