Бас редактор аудан әкімімен кездесті

Бас редактор аудан әкімімен кездесті

Бүгін облыстық «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызы Науырзым ауданы әкімі Мәди Ихтиляповтың қабылдауында болды.

Жүздесуде билік пен қоғамның байланысы, бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі, мемлекеттік тілдің маңызы туралы әңгіме өрбіді.
Аудан әкімі баспасөз қоғамның айнасы екенін атап өтіп, бүгінгі ақпарат саласының дамуы туралы сөз қозғады. Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, білімді ұрпақ қалыптастыру жөнінде де ойын айтты.
– Еңбек адамын қолдау тұрғысында жазып жүрген мақалаларыңызды оқып жүрміз. Осы бағытта жұмысты жетілдіру туралы Мемлекет басшысының Жолдауында да айтылған еді. Сонымен қатар, мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтуге бірден-бір үлес қосып отырған басылымсыздар. Бұл жағынан сіздердің атқаратын жұмыстарыңыздың ауқымын түсінеміз, – деді Мәди Өмірзақұлы.

Бас редактор аудан басшысын жаңа қызметімен құттықтап, жұмысына табыс тіледі. Сондай-ақ «Қостанай таңы» газетінің бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы сөз етіп, ауылдарға қатысты, шаруа адамдарын көбірек насихаттау жөнінде пікірін ортаға салды.
– «Аймақ» айдарында өңірдегі елді мекендердің тыныс-тіршілігі қамтылса, «Еңбек адамы» – аты айтып тұрғандай, әр салада табысты қызмет етіп жүрген жерлестерімізге арналған. Науырзым ауданында еңбегімен еленген азаматтар жетерлік. Оларды баспасөз беті арқылы оқырмандарға үлгі ретінде танытып, әлеуметтік желілердегі парақшаларымызға арнайы бейнероликтер түсіреміз, – деді Кенжеш Оразғалиқызы.
Кездесу соңы қос басшының әріптестік байланыс орнату туралы ұсыныстарымен қорытындыланды.

Жаңалықтармен бөлісу