Бес жоба – бір мақсат: студенттік идеядан нақты шешімге дейін

Бес жоба – бір мақсат: студенттік идеядан нақты шешімге дейін

Білім беруді жаңғырту, ұлттық мұраны цифрлық форматта сақтау және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті студенттері ұсынған бес жобаның негізгі бағыты.

Жасанды интеллект, виртуалды және толықтырылған шындық технологияларына негізделген әзірлемелер Астанада өткен AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумы аясындағы «AI Sana» арнайы көрмесінде таныстырылды.

Бүгінде жасанды интеллект адам өмірінің барлық саласына еніп, білім беру жүйесінен бастап өндіріс пен ауыл шаруашылығына дейінгі көптеген бағыттың дамуына жаңа серпін беріп отыр. Мұндай жағдайда технологияны меңгерумен қатар, оны нақты мәселелерді шешуге қолдана білетін жас мамандардың маңызы арта түсуде. Baitursynuly University студенттерінің жобалары – осы бағыттағы ізденістердің нақты көрінісі.

Университет жастары форум алаңында өздерінің технологиялық идеяларын ұсынып қана қоймай, олардың білім беру, мәдениет және экономика салаларында қолданылу мүмкіндіктерін де көрсетті.

Университет ректоры Сейтбек Қуанышпаевтың пікірінше, цифрлық дәуірде жоғары оқу орнының міндеті – тек білім берумен шектелмей, студенттердің инновациялық ойлауын дамытып, олардың идеяларын тәжірибеде қолдануға жол ашу.

«Бұл ретте жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды меңгерген мамандар даярлау және студенттік бастамаларды қолдау жоғары білімнің маңызды бағыттарының бірі болып саналады. Студенттер ұсынған жобалардың тағы бір бағыты ұлттық мәдени құндылықтарды заманауи технологиялар арқылы танытуға арналған. VR «Ұлттық спорт түрлері» жобасы виртуалды шындық технологиясын пайдалана отырып, қазақтың дәстүрлі спорт түрлерімен интерактивті ортада танысуға мүмкіндік береді. Мұндай формат ұлттық мұраны жаңа буынға жақын етіп жеткізуге, дәстүрлі құндылықтарға деген қызығушылықты арттыруға және оларды цифрлық кеңістікте насихаттауға бағытталған», – дейді университет ректоры.

Ал AR «Әліппе» жобасы дәстүрлі оқулық мазмұнын толықтырылған шындық элементтерімен ұштастырады. Цифрлық контентті оқу материалына енгізу арқылы ақпаратты көрнекі түрде ұсынуға және балалардың оқу үдерісіне қызығушылығын арттыруға мүмкіндік туады.

Бұл әзірлемелер технологияның тек ақпаратты өңдеу немесе автоматтандыру құралы емес, сонымен қатар ұлттық мазмұнды сақтауға, білімді тартымды форматта жеткізуге және мәдени мұраны дәріптеуге қызмет ете алатынын көрсетеді.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ