Облыс аумағында 12–21 мамыр аралығында тұрғындардың өтелмеген қарыздарын өндіруге бағытталған «Борышкер» атаулы алдын алу іс-шарасы ұйымдастырылуда.
Игі бастамаға Әділет департаменті, құқық қорғау құрылымдары, салық органдары, прокуратура және жеке сот орындаушылары атсалысуда.
Бұл күндері түрлі сала өкілдері бірлесіп, әкімшілік айыппұл, алимент, салық, коммуналдық және өзге де берешек түрлері бойынша борышкерлерді анықтау және оларға заң аясында тиісті шаралар қолдану жұмыстарын жүргізуде.
– Әрбір азаматтың өз міндетіне жауапкершілікпен қарауы – мемлекеттің тұрақты дамуының кепілі. Осы шара арқылы біз заң талаптарын еске салып, қарызды уақытылы өтеудің маңызын жеткізуді көздейміз. Әкімшілік айыппұлдар мен салық берешектерін өндіріп алу – басты міндетіміздің бірі, – деді Әділет департаментінің Сот орындаушылары қызметін үйлестіру және бақылау бөлімінің жетекшісі Салтанат Алшымбаева.
Іс-шара барысында бірқатар азаматтардан ірі көлемдегі қарыз сомалары өндірілді. Ал берешекті өтеуден жалтарғандар үшін заңға сәйкес көлік құралдарын айып тұрағына қою, елден шығуға тыйым салу сияқты шектеулер қолданылуда.
– Қарызды өтеуден бас тартқан тұлғаларға қатысты мүлікті тәркілеу және өзге де шаралар заң аясында қатаң түрде жүзеге асады. Мұндай қадамдар сот шешімдерінің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында қабылдануда, – деп түсіндірді Қостанай қалалық прокуратурасының бөлім прокуроры Әсел Өтебаева.
Мамандар тұрғындарға өз міндеттемелерін бақылауда ұстауға кеңес береді. Egov.kz порталы немесе жеке сот орындаушыларының ресми сайттары арқылы берешек туралы ақпаратты үнемі тексеріп отыру – күтпеген қиындықтардың алдын алады.
Айбол ӨМІРТАЙ,
ҚӨУ журналистика мамандығының 4 курс студенті