Қоғамдық кеңестер, қауымдастықтар – билік пен халық арасындағы дәнекер. Ал қарапайым тұрғындар ауылдық жерлердегі қауымдастықтарға беріліп отырған жаңа мүмкіндіктерден қаншалықты хабардар? Оны аудан басшылығы мен қоғамдық кеңес мүшелері қалай насихаттап жатыр? Бұдан тыс, түйткілді мәселелерді шешуде мүдделес қос тараптың жұмысы қандай нәтиже беру үстінде? Қостанай ауданының ау-жайы соңғы өткен жиында талқыға түсті.
Жаңашылдықтан пайда көп
Аудан басшысы Берік Таңжарықовтың бастамасымен, аудандық мәслихат және қоғамдық кеңес өкілдері ауылдық округтерді аралаған еді. Мақсат белгілі – елді мекендердің хал-ахуалын бажайлау, ауылдық жерлердегі қауымдастықтар жұмысын белсенділендіру және жоспарлар мен міндеттерден хабардар ету, тұрғындардың арыз-тілегіне құлақ түру.
«Ауылдықтар «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заңнан мұқият хабардар болуға тиіс. Өйткені олар ауылдық қауымдастық мүшесі болуға мүмкіндік ала отырып, жергілікті басқаруға үн қосу құқығын иеленеді. Әкімдердің, учаскелік инспекторлардың, басқа да орган өкілдерінің есебін тыңдай алады. Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына негізделіп отырған басты қағида. Тұрғындар мәселесі жергілікті қауымдастық жиындарында шешілетін деңгейге жетуі керек», – дейді аудандық мәслихат төрағасы Марат Сартов.
Оның мәліметінше, қазір аудан көлемінде және Тобыл қаласында 24 жергілікті қауымдастық бар. Олардың бәрі бірдей белсенді жұмыс істейді деуге келмейді. Спикерлер соңғы іссапардағы түсіндіру жұмыстары осы олқылықтың орнын толықтырар деген үмітте. Аудан басшысы да осы бағыттағы жұмысты жұмырлай түсу үшін ауылдық округтерді дамыту бағдарламасын ұсынып отыр. Оның аясында қауымдастықтар мемлекетті басқару ісіне қатысып, бюджетті мақұлдау, оған түзету енгізу және оның орындалуы туралы есеп қабылдау құзіретін иелене алмақ. Бұның сыртында, коммуналдық мүлікті тартып алу, жайылымдық жерлердің жат иелігіне өтуі мәселелерін шешуге тікелей қатысады. Тіпті ауыл әкімін қызметінен босатуға және тағайындауға қақылы. Ауылдық қауымдастықтар жеке және заңды тұлға ретінде қоғамдық тыңдау жиындарын өткізе де алады… Міне, заңның осы және басқа да мүмкіндіктері ауылдық округтердегі тұрғындармен өткен кездесулерде егжей-тегжейлі баяндалған. Аудандық қоғамдық кеңестің атқарған жұмыстарынан да мәлімет беріліпті.
«Айталық, қоғамдық кеңес қалааралық автобустар қозғалысын, мектеп асханаларының жұмысын, ауданның елді мекендерін жарықтандыру секілді көптеген мәселелерді тұрақты мониторингтен өткізіп отырды. Мұның бәрі кездесу сайын сөз болып, талқыға түсті. Әр елді мекендегі жиындар қызықты сұрақ-жауап, тартысты диалог түрінде өтті», – дейді аудандық кеңес төрағасы Серік Айтмағамбетов.
Қозғалыс та, толғаныс та бар
Бұдан соң аудан әкімі аудандық Қоғамдық кеңес мүшелері алдында өткен жылдың қорытындысы және биылғы мақсат-міндеттер туралы есеп берді. Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді жіпке тізіп, қолға алынған инвестициялық жобалар, құрылыс жұмыстары туралы кеңінен баяндады. Құрылыс дегеннен шығады, кеңес мүшелері аудан басшысынан іргесі қаланып жатқан жаңа емхананың жайын сұрады.
«Жаңа емхананың құрылысы басталды. Әзірше, үш қабатты ғимараттың бірінші қабаты салынып жатыр. Тиісті қаржы қарастырылды. Мердігер ұйымның қажетті жұмыстарды уақытылы жүргізгенін күтеміз. Осы жылға тиесілі жобаны аяқтаймыз. Кейінгісі кезең-кезеңіне сай жүзеге асады, – деді аудан әкімі. – Жалпы, ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жобасы аясында 11 ауылда дәрігерлік амбулатория мен фельдшерлік-акушерлік пункт салынатынын да айта кеткен жөн.
Сондай-ақ былтыр Заречный кентінде жабық ат манежі салынып, пайдалануға берілген-ді. Кеңес мүшелері осы тұрғыда «қызықтырған» мәселелер бар. Солардың ішінде иппотерапия әдісімен оңалтудан өтетін адамдар санының неліктен шектеулі екені мүгедектер қоғамының өкілдерін толғандырып отыр.
«Иппотерапия қызметін көрсетуге әуелде қаржы қарастырылмады. Биыл ғана қаражат салынды. Оның өзінде біз облыстық Спорт басқармасына жүгініп, манежге иелік ететін БЖСМ-нің нысанды біздің балансқа беруін сұрадық. Сұранысымыз қанағаттандырылып жатса, манеждегі аталған қызметті ақылы негізде жандандыруға мүмкіндік алар едік», – дейді Б.Таңжарықов.
Бұдан кейін де аудан әкімі кеңес мүшелерінің көктемгі су тасқынына әзірлік жөніндегі, жол, мектеп құрылыстары және басқа мәселелерге қатысты сұрақтарына жауап берді.
Жандос ЖҮСІПБЕК