Отбасы құндылығын дәріптеудің маңызы ешқашан мәнін жоғалтқан емес. Керісінше жылдар жылжып, уақыт сырғыған сайын оның қоғамдағы ролі арта түсуде. Қыркүйектің екінші жексенбісі ел күнтізбесінде отбасы күні деп арнайы бекітілді.
Мерекеге орай Қостанай қаласында фестиваль ұйымдастырылды. Қаланың әр мектебінен бір-бір отбасыдан келіп, көңілді кештің көркін қыздырды.

Олардың арасында көпбалалы отбасылар, өнерлі шаңырақтар, спортшы жанұялар бар.

Әрқайсысы өзіндік ұстанымымен ерекшеленеді. Іс-шара фестиваль үлгісінде өткендіктен сынға түсіп, жарыспады. Тапсырмаларды топ болып орындап, ұйымшылдықтың үлгісін көрсете білді.

«Жылда облысымыздың үлгілі отбасылары «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында бақ сынап, жүлделі орындардан көрініп жүр. Олар аудандық, облыстық іріктеуден сүрінбей өтіп, республикада аймақтың намысын қорғайды. Баршаңызды осындай байқауларға қатысуға шақырамын. Біз бірге отбасы құндылығын жас ұрпаққа насихаттауымыз керек», – деді облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Қазез.
Облыстық аналар кеңесінің төрайымы, көпбалалы ана, педагог Ақжан Алтыбаева сөз сөйлеп, қатысушыларға ақжарма лебізін арнады.

«Әр адам үшін ең қымбат мекен – отбасы. Әр отбасында балаға қажетті тәрбие, махаббат беріліп, өмірлік құндылықтар бастау алады. Оның іргетасы берік болса елдің де сапасы жоғары, болашағы жарқын болмақ», – деді ол.
Белгілі ақын, тәжірибелі педагог Александра Суслова отбасы туралы жыр жолын оқып, көрермендер назарына шағын бейнебаян ұсынды. Мерекелік кеш әрі қарай түрлі сайыстармен жалғасты.
Қазақстанда 2013 жылдан бастап қыркүйектің әрбір екінші жексенбісінде Отбасы күні атап өтіледі. Ондағы мақсат ерлі-зайыптылардың арасындағы қарым-қатынасты нығайту, ұрпақ тәрбиесіне басымдық беру.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суретті ұйымдастырушылар ұсынды
