Қостанайдағы «Береке» шағын ауданының тұрғындары 2-мамырдан бері ыстық сусыз күн көріп жатыр. Қуанышқа орай, бүгін шағын ауданға ыстық су қосады. Бұл жайында қала әкімі Марат Жүндібаев дүйсенбілік аппарат кеңесінде айтты.
Биылғы мамыр айында «Береке» шағын ауданындағы екі мыңнан астам пәтерде ыстық су өшірілген еді. Оған жылу қазандығы иесінің газ жеткізуші компания алдындағы қарызы себеп. Бұған тұрғындардың берешегін де қосыңыз.
— «Береке» блок-модульдік қазандығы – түйткілі көп нысан. Бұл мәселені шешу үшін кәсіпкер қазандықты коммуналдық меншікке тегін өткізуге келісті. Қала тұрғындарының өмір сапасын арттыруға қажетті барлық нысандарды тегін қабылдап, шығындарды да өз мойнымызға аламыз. 10-шілдеде «Береке» блок-модульдік қазандығын қала әкімдігінің балансына беру туралы Қаулыға қол қойылды. Негізінде, жекеменшік қазандықтар мүлде болмауы тиіс. Бюджетке салмақ түссе де, ол ақталады, – деді қала әкімі Марат Жүндібаев.
Қымбат ДОСЖАНОВА