Батырларға тағзым: Қостанайда мерекелік іс-шара өтті

Батырларға тағзым: Қостанайда мерекелік іс-шара өтті

7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай облыстық Қоғамдық даму басқармасы облыстағы жоғары оқу орындарымен бірлесе отырып, «Батырларға тағзым» акциясын жоспарлаған болатын. Акция негізінде қаладағы ел қорғаған атақты батырлардың ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.
Қала орталығында орналасқан Шақшақ Жәнібек, Қобыланды, Аманкелді Иманов сынды батырлар басына гүл шоқтары қойылып, тағзым жасалды. Облыс әкімінің орынбасары бастаған билік өкілдері мен ЖОО, колледж студенттері де ерлікке негізделген іс-шараға қатысты.
— Бұл іс-шараның басты мақсаты — жастарға, өскелең ұрпаққа батыр бабаларымыздың ерлікті істерін дәріптеу. Жай дәріптеп қоймай, батырлардың рухтарын жастардың бойына сіңіріп, отансүйгіштікке тәрбилеу болып саналады. Қазақ батырларына гүл шоқтарын қою облысымыз бойынша жүзеге асырылып жатыр. Жалпы республикамызда осындай іс-шаралар қолға алынған. Тек гүл шоқтарын қоюмен ғана шектелмей спорттық іс-шараларда ұйымдастырылды. Істеліп жатқан жұмыстардың негізгі миссиясы — Отан қорғаушылар күні аясында жастардың патриоттық сезімін ояту және шыңдай түсуге бағыттау, — дейді облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқалиев.
Гүл шоқтарын қою үшін келген студенттер де көңілді. Олар батырларға жасалып жатқан құрметтің жас ұрпақ үшін пайдасы орасан зор деп біледі. Сондай ұстанымды ұстанған студенттің бірі Қостанай құрылыс колледжінің 1-ші курс студенті Жеңісхан Амандықұлы. Оның айтуынша 7-ші мамыр жай ғана Отан қорғаушылар күні емес, барша қазақ батырларын еске алатын күн.
— Мен Аманкелді ауданының тумасымын. Қостанай қаласында оқимын. Батыр бабаларымызға жасалып жатқан құрметті өте дұрыс деп санаймын. Оқытушымыз қаламыздағы батырлардың басына гүл шоқтарын қоюға барасыңдар деген де ерекше қуанышпен қабылдым. Себебі, Шақшақ Жәнібек, Қобыланды, Аманкелді Үдербайұлы секілді баһадүрлердің мен үшін маңыздылығы жоғары. Іс-шарадан жақсы әсер алдым, — дейді Ж. Амандықұлы.

Бибіт НҰРМҰХАНОВ,
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ

Жаңалықтармен бөлісу