«Арқалық барысы» анықталды

«Арқалық барысы» анықталды

Арқалық аймағын дүбірге бөлеп, жыл сайын елдің қызығушылығын тудырып жоғары деңгейде өткізілетін дәстүрлі ұлттық «Арқалық барысы» қалалық турнирі биыл да өз жалғасын тапты. Айтулы шара қалалық «Жігер» стадионында ашық аспан аясында киіз үй тігіліп, боз кілем жайылып, үлкен дайындықпен аталып өтілді.blankblankТурнирдің ашылу салтанатында еліміздің Әнұраны шырқалып, қала өнерпаздары мың бұралған биімен, күмбірлеген күйімен, әсем әнімен шашу шашты. Қала әкімінің орынбасары Мешітбай Жұманов спортшыларды құттықтап, сан сайыста елдің абыройын асқақтатып, мерейін асырып жүрген жас берен спортшы Нұрсұлтан Қабыланға қала әкімінің «Алғыс хаты» мен ақшалай сыйлығын табыс етті.blankЖанкүйерлерін жанына көптеп жинаған турнирде спортшылар 2006-2007 жылдары туған жастар арасында түрлі салмақ дәрежесінде және «Түйе палуанға» сынға түсті.blank
Сайыс қорытындысы бойынша 60 келі салмаққа дейін — Жандос Серкеш, 60 келіден жоғары салмақта — Расул Төленов, 66 келіде — Еламан Қамай, 74 келіде — Ақжол Қазымбек, 82 келіде — Қуанышбек Иманжүсіп жеңіс тұғырынан көрінді. Ал, көптің делебесін қоздырған «Түйе палуан» сайысында Нұрсұлтан Қабылан жеңіске жетіп, «Арқалық барысы — 2023» атағын алды.blank
blankblank«Ұлттық спорт түрлеріне деген халқымыздың ықыласы зор. Соның бір жарқын көрінісі осы ауыл — аймақтарға дейін қалыс қалмай, дүйім ел болып өткізіп жатқан шараларымыз.
Қаламызда әсіресе «Қазақ күресі» өте жақсы дамыған. Жас буын жеткіншектеріміз көптеп айналысады. Бүгінде Арқалық қалалық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 150-ден астам бала спорттың осы түрінен жаттығады. Олар ел намысын қорғаған жарыстарда үздік шығып, түрлі шоқтықты шаралардан ат оздырып, жүлдемен оралып жүр. Спорт мектебіміздің үздік шәкірттерінің алды еліміздің ұлттық құрамасы сапында өнер көрсетуі — біз үшін үлкен мақтаныш»,-дейді қалалық дене тәрбиесі және спорт бөлімінің басшысы Айтжан Мәліков.
Турнир тұғырынан көрінген жеңімпаздар мен жүлдегерлерге және олардың жаттықтырушыларына дипломдар, медалдар және ақшалай сыйлық сертификаттары табыс етілді.blank

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген автор