Аманкелді Үдербайұлының 150 жылдығына арналған бүгінгі іс-шаралар легі батырдың рухына құран бағыштаудан басталды. Оған Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов та қатысты.
Құран бағыштаудан кейін қонақтар А.Иманов атындағы мемориалды музейге барып, сардардың өміріне, ұлт-азаттық көтеріліске қатысты жәдігерлермен, деректермен танысты.
Осы мерейтой қарсаңында Аманкелді Үдербайұлының аудан орталығындағы ескерткішінің маңайы абаттандырылып, батыр атындағы музей жөндеуден өткізілген еді.
Еске сала кетейік, батырдың туғанына 150 жыл толуына орай Аманкелді ауданында жоспарланған іс-шаралар 3 қыркүйек күні басталған. Бүгінгі бағдарлама ғылыми конференция, ат спортынан жарыстар, қазақ күресі, ақындар айтысының финалы және мерекелік концертпен қорытындыланбақ.
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.