Батагөйлер бәйгесі мәреге жетті

Батагөйлер бәйгесі мәреге жетті

Меңдіқараның Қаратал ауылының тумасы Сапаржан Қабдыбекұлы халқымыздың бата беру салтын рухани тәрбие құралы деп есептейді. 87 жасқа аяқ басқан ақсақал ағайын-туыс басқосқан жерде бата беріп, жастарға тілекші болып отырады.

От тілді, орақ ауызды атамыз «Ауыл» партиясы ұйымдастырған «Батамен ел көгерер» республикалық байқауының Қостанай облысы бойынша кезеңінде жеңіске жетті.

Дәстүрімізді дәріптеуге бағытталған байқау 19-қаңтар және 10-наурыз аралығында өткен. Шарты – қатысушылар алдын ала түсірілген бейнежазбаны жолдайды.

Арнайы құрылған қазылар алқасы үздіктерін іріктейді. Осы талап негізінде облысымыздың әр өңірінен барлығы 17 батагөй бақ сынап, 20 бата ұсынған. Өнегелі сайысқа Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Әбутәліп Әмір, «Ауыл» партиясы ҚОФ төрағасы Нұркелген Өтеулин, «Қостанай таңы» газеті Бас редакторының орынбасары Аслан Қанғожин және партия филиалының кеңесшісі Жаңылсын Баймағамбетова қазылық еткенін еске саламыз.

 

«Іріктеу қиын болды. Өйткені, қатысқан адамдардың бәрі жақсы дайындалған. Бейнежазбаларды саралап отырып, қорытынды шығардық. Бата беру дәстүрін кеңінен насихаттау – тамаша үрдіс. Бата – қарапайым тілек емес. Шын ықыласпен берілген бата қабыл болады», – деді қазылар алқасының төрағасы Әбутәліп Әмір.

«Ауыл» партиясы ҚОФ төрағасы Нұркелген Өтеулин қатысушыларды қасиетті Ораза және Наурыз мейрамдарымен құттықтап, ата салтымызды жалғастырып келе жатқан үлкендерге ризашылығын білдірді.

Әділқазылардың шешімімен байқаудың облыстық кезеңінің жеңімпаздары анықталып, ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

blank

blank

Олар:

I орын – Ягалеев Сапаржан Қабдыбекұлы (Қостанай ауданы) – 100 000 теңге;

II орын – Майхиева Талдичаш Тулебаевна (Рудный қаласы) – 70 000 теңге;

III орын – Тілеуғабылов Жаңбыршы Тұқатұлы (Рудный қаласы ) – 50 000 теңге. Жангелдин ауданы, Торғай ауылынан Рашила Қаленова және Рудный қаласынан Күлшария Қозғараева белсенді қатысқаны үшін ынталандыру сыйлықтармен марапатталды. Қалған 12 қатысушы да ескерусіз қалмады. Оларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Марапаттау салтанатына келушілер назарына «Ауыл нақыштары» фотокөрмесі ұсынылды.

«Батамен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер» деген халық даналығында үлкен мән жатыр. Бала кезімізден бата естіп өстік. Қазір өзіміз бата береміз. Бата – өсиет, бата -қасиет. Бата – темірқазық, рухани азық. Жақсы сөзді жарым ырысқа балаймыз. Ұлттық дәстүрімізді жаңғыртып отырған партияның бастамасы жалғасын тапсын», – дейді жеңімпаз батагөй Сапаржан Ягалеев.

Қымбат ДОСЖАНОВА

Суретті түсірген Василий ВАСИЛЬЕВ