Қостанай политехникалық жоғары колледжі базасында осындай атаумен акция өтті. Іс-шараны облыстық Кәсіподақ орталығы мен білім және ғылым қызметкерлерін қорғау облыстық кәсіподағы ұйымдастырды.
Жиынға кәсіподақ құрылымдарының өкілдері мен колледждің бастауыш кәсіподақ ұйымының белсенділері қатысты. Кездесу оқу орнымен танысудан басталды. Қонақтарға заманауи зертханалар, өндірістік шеберханалар және арнайы кабинеттер көрсетілді.
Бұл оқу орнының материалдық-техникалық базасының жоғары деңгейде дамығанын айқын көрсетті.Іс-шара аясында дәстүрлі волейбол турнирінің ашылуы өтті. Бұл бастама ұжымдағы бірлік пен өзара ынтымақтастықты нығайтуға және корпоративтік мәдениетті дамытуға бағытталғаны атап өтілді.
Кездесудің негізгі бөлігі конференц-залда жалғасты. Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Вера Задорожнюк ұйымның қызметі туралы баяндама жасап, еңбек құқықтарын қорғау, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және әлеуметтік қолдау бағыттарына тоқталды.
Колледж директоры Құсайын Қаткенов оқу орнының жетістіктерін атап өтті. Бүгінде колледж өңірдегі жетекші техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының бірі саналады. Мұнда 11 мамандық және 22 біліктілік бойынша 1100-ден астам студент білім алуда. Сонымен қатар материалдық-техникалық базаны жаңғырту, заманауи зертханалар мен шеберханалар ашу, «Жас маман» жобасын іске асыру жұмыстары жүйелі жүргізілуде.
Автоматтандыру және ақпараттық қауіпсіздік сияқты жаңа бағыттардың енгізілуі де – уақыт талабына сай маңызды қадам. Түлектерді жұмысқа орналастыру деңгейі 95 пайызды құрайтыны да ерекше атап өтілді.Жиында Ирина Петровна Аронова сөз сөйлеп, бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен ашық диалог жүргізудің маңыздылығын атап өтті.
– Біз үшін ең бастысы – әрбір қызметкердің пікірін тыңдау. Осындай кездесулер нақты мәселелерді анықтап, тиімді шешім қабылдауға мүмкіндік береді, – деді ол.
Іс-шара соңында марапаттау рәсімі өтіп, кәсіподақ қозғалысының дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтарға алғыс хаттар табысталды. Олардың қатарында Вера Задорожнюк, Жаннат Контробаева және Еркебұлан Төлегенов бар.

Мұндай кездесулер кәсіподақ ұйымдары мен еңбек ұжымдары арасындағы байланысты нығайтып, әлеуметтік-еңбек мәселелерін тиімді шешуге ықпал етеді. Ашық диалог пен өзара түсіністік – ортақ табысқа бастар маңызды жол.
Диана Алмасқызы,
ҚӨУ студенті
