Башқұрстан елінің ұлттық фотокөрмесі ашылды

Башқұрстан елінің ұлттық фотокөрмесі ашылды

Қостанайдағы Достық үйінде башқұрт елінің  фотосуретшісі Людмила Камневаның «Ұлт күші» атты фотокөрмесі салтанатты түрде ашылды. Бұл көрме Башқұртстанның бай мәдениеті мен салт-дәстүрін ерекше көрсетуге арналған.

Фотокөрменің авторы Людмила Камнева туған өлкесі Башқұртстанның табиғаты мен ұлттық ерекшеліктерін суреттер арқылы шебер жеткізген.

Көрме экспозициясына халықтық мерекелердің жарқын сәттері, ұлттық киім үлгілері мен дәстүрлі кесте өнерінің әсем көріністері кірген. Бұл жұмыстар Башқұртстан халқының мәдени мұрасын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

        

Людмила Камнева – башқұрт халқының мәдени мұрасын насихаттауға ерекше үлес қосып жүрген талантты фотосуретші. Оның жұмыстары табиғат көріністерін, адамдардың эмоцияларын және ұлттық дәстүрлердің көркемдігін бірегей етіп жеткізе білуімен ерекшеленеді. Камневаның әрбір фотосуреті – тарихтың бір бөлігі. Ол өзінің объективі арқылы халық өмірінің терең рухани мағынасын бейнелейді.

“Бұл Людмила Камневаның Қостанайдағы екінші көрмесі. Бұған дейін, 2022 жылы, оның жұмыстары «Солтүстік амурлары» атты фотожоба аясында ұсынылған болатын. Ал осы жолы фотосуретші жаңа суреттерді біріктіріп, «Ұлт күші» деген атаумен біртұтас экспозиция жасады. Людмила Камнева Уфа қаласының ең атақты фотосуретшілерінің бірі ретінде танымал. Оның еңбектері тек жергілікті ғана емес, халықаралық деңгейде де жоғары бағаланып, шетелдік марапаттарға ие болған”, – Татар-Башқұрт мәдени орталығы Қостанайдағы филиалының жетекшісі Рашид Бектемиров.

Көптеген жылдар бойы Камнева Башқұртстан аумағын аралап, түрлі аймақтардың салт-дәстүрлерін, ұлттық киімдері мен өнерін зерттеген.

Оның еңбектері республиканың мәдениет мұрасын тек өз еліне ғана емес, шетелдерге де танытып келеді.

“Бұл көрме Қостанай мен Уфа қалалары арасындағы мәдени ынтымақтастықтың тағы бір үлгісі. Башқұртстан мен Қазақстан арасындағы тарихи және мәдени байланыстар екі елдің достығын нығайтып келеді. Мұндай іс-шаралар ұлттардың мәдени алмасуына жағдай жасап, ортақ құндылықтарды дамытуға үлес қосады. Көрменің ашылуында қонақтарға башқұрттың дәстүрлі шайы мен табиғи балы ұсынылып, іс-шараның сәнін арттырды. Мұндай кішкентай детальдар Башқұртстан мәдениетінің қонақжайлылығы мен жылылығын айқын көрсетеді”, – дейді ол.

Людмила Камнева алдағы уақытта өз жобасын кеңейтуді жоспарлап отыр. Оның айтуынша, басқа да ұлттық киім үлгілері мен тұрмыс элементтерін көрсету үшін жаңа фотожобалар дайындалуда. Ол көрмесін Қазақстанның басқа қалаларына, сондай-ақ шет елдерге шығаруды көздеп отыр.

«Ұлт күші» фотокөрмесі Башқұртстан мәдениетіне, халқына және ұлттық құндылықтарға құрметтің белгісі. Бұл жоба көрермендерге түрлі ұлттардың мәдениетіне деген қызығушылықты арттырып, оларды жақындастыра түсетіні сөзсіз.

 

                                                                                        Диана Алмасқызы

                                                                                        ҚӨУ студенті 3 курс

Жаңалықтармен бөлісу