Жастар сарайында Мәдениет және өнер қызметкерлері күні аясында 36-шы «Өнеріміз саған, Қазақстан!» атты облыстық көркемөнерпаздардың халық шығармашылығы байқау-фестивалінің жеңімпаздары белгілі болды.
Мәдени іс-шараға Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов арнайы қатысып, барша мәдениет және өнер қызметкерлерін құттықтап, еңбектеріне алғысын білдірді.
«Мәдениет және өнер қызметкерлері күні мерекесі руханият саласында еңбек етіп жүрген барша қызметкерлер үшін ортақ мереке. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев рухани даму жолында ауылдық жерлердегі мәдени ошақтарды қолдау қажеттігін үнемі айтып келеді. Мемлекет басшысының елді мекендерді дамыту тұжырымдамасын іске асыру аясында мәдени нысандар қамқорлыққа алынып, тың жобаларға қолдау көрсетілуде. Осы салада еңбек етіп жүрген қызметкерлерді кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын», – деді өңір басшысы.
Кәсіби мерекеде бірқатар азаматтарға “Мәдениет саласының үздігі” төсбелгісі мен грамоталар табыс етіліп, «Өнеріміз саған, Қазақстан!» көркемөнерпаздардың халық шығармашылығы байқау-фестивалінің жүлдегерлерінің есімі белгілі болды.
Жүлделі 3 орын – Арқалық қаласына беріліп, диплом, статуэтка және 1 миллион теңге сомасындағы сертификатпен марапатталды. 2- орын – Қостанай ауданына бұйырды. Жүлдегерлерге диплом, статуэтка және 2 млн теңгенің сертификаты табысталды.
1-орынды Рудный қаласы иеленді. Кеншілер қаласынан келген өнерпаздарға диплом, статуэтка және 3 млн теңгенің сертификаты табысталды. Ал Бас жүлде иегері болып Федоров ауданы танылды. Облыс үздіктеріне диплом, статуэтка және 5 млн теңге сертификаты табысталды.
«Аудан атынан жыл сайын байқауға қызу дайындықпен қатысамыз. Соның нәтижесінде жылда жүлделі орынға ие болып келеміз. Байқау алдымен ауданға қарасты ауылдық округтер арасында өтеді. Жылына екі рет ұйымдастырылады. Жылдың аяғында қорытындыланып, үздік номерлерді «Өнеріміз саған, Қазақстан!» байқауының облыстық кезеңіне ұсынамыз. Биыл облыстық байқауда жүзге жуық адам бақ сынады », – дейді Федоров ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айнұр Сәлпенова.
Марапатталған мәдениет қызметкерлері арасында облыстық өлкетану музейінде 25 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Айгүл Нығметжанова да бар.
Осы жылдар ішінде музейдегі мәдени ұлттық құндылықтарымызды сақтап, оларды дәріптеп, болашаққа жеткізу жолында еңбек етіп келеміз. Ұлттық қолөнеріміз кілем тоқуды дәріптеймін. Ұлт мұрасын болашаққа жеткізу біздің парызымыз, – дейді жоғары санатты әдіскер.
Әсел ҚИБАШ.
Суреттерді түсірген Б.КӨРКЕМБАЕВ.